
Қазақстанда агроөндірістің жаңа үлгісі қалыптасып келеді. Мәселен, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының фермерлері «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамымен жасымық өсіру және жеткізу бағытында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасты. Бұл бастама БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлескен жоба аясында жүзеге асырылуда және экологиялық таза егіншілік тәсілдерін енгізуге, сондай-ақ тозған жерлерді қалпына келтіруге арналған.
Қазақстандағы жоба Ауыл шаруашылығы министрлігінің қатысуымен және Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен іске асырылуда.
Биыл Солтүстік Қазақстан экожүйелерін сақтау және тұрақты агроөндіріс әдістерін дамытуға бағытталған бағдарламаға қатысатын ауыл шаруашылығы өндірушілерін іріктеу басталды. Алғашқы қатысушылар анықталып, бес шаруашылықпен пилоттық келісімшарттар жасалды.
Жобаның негізгі құралы – жасымықты форвардтық сатып алу тетігі.
Корпорацияның мәліметінше, бұл тетіп дәстүрлі қаржыландыру шеңбері, яғни, ол фермерлерді айналым қаражатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық бағдарлама аясында экологиялық тұрақты тәжірибелерді енгізуді ынталандырады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуын азайтып, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бағдарлама тек қаржылай қолдаумен шектелмейді, сонымен қатар шаруашылықтарды кешенді сүйемелдеуді көздейді. Қатысушылар ғылыми сараптамаға, заманауи агротехнологияларды қолдану бойынша кеңестерге, сондай-ақ экологиялық тәуекелдерді бағалау және басқару құралдарына қол жеткізеді.
Алғашқы кезеңде жоба Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын қамтиды. Жасымық жеткізу көлемі 2,5 мың тоннаны құрайды.
Келешекте жер және су ресурстарын ұқыпты басқарудың тиімді тәжірибелерін басқа өңірлерге тарату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Корпорация аграршыларды қолдаудың қосымша тетіктерін дамытуды жалғастыруда. Атап айтқанда, тауарлық несиелеу тетігі және көпжылдық мал азықтық дақылдарды (оның ішінде жоңышқаны) үшжақты форвардтық сатып алу жүйесі пысықталуда. Бұл бағыт мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайтып, егіс алқаптарын әртараптандыруға ықпал етеді.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай бастамалар Қазақстан агробизнесінің жаңа даму нүктелерін қалыптастырады. Баламалы және мал азықтық дақылдар нарығын дамыту, сондай-ақ ұзақ мерзімді келісімшарттық тетіктерді енгізу саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ауыл шаруашылығын экологиялық тұрғыдан тұрақты модельге көшіруге негіз қалайды