
Қазақстанның отын нарығында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге деген қалыптасқан көзқарасты өзгертетін жаңа өнім пайда болды.
KazFoodProducts холдингі биоэтанол қолдану арқылы өндірілетін БИ-95 автокөлік отынын өнеркәсіптік деңгейде шығаруды бастады. Бұл жоба елімізде алғаш рет аграрлық өнім толық циклмен терең өңделіп, дайын мотор отыны ретінде нарыққа ұсынылғанын көрсетеді.
Мұнда басты назар тек отынға емес, тұтас өндірістік тізбекке аударылады. Биоэтанол Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан BioOperations кәсіпорнында өндіріледі — бұл республикадағы бидайды терең өңдейтін бірегей кешен. Яғни астық тек ұн немесе жем ретінде пайдаланылмай, жоғары технологиялық деңгейде өңделіп, қосылған құны жоғары өнім алынады. Кейін BioPetrolCompany базасында соңғы өнім — БИ-95 отыны дайындалып, нарыққа шығарылады.
БИ-95 — құрамында 5–10% биоэтанол бар бензин. Бұл қоспа отынның негізгі сипаттамаларын, соның ішінде октан санын сақтай отырып, оның экологиялық көрсеткіштерін жақсартады. Биоэтанол астық өңдеу өнімдерінен алынып, көміртекті бейтарап компонент ретінде қарастырылады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай шешімдер тұрақты энергетиканың ажырамас бөлігіне айналған. Еуропалық одақ, АҚШ және Жапонияда биоэтанол қосылған отындарды пайдалану жиырма жылдан астам уақыт бойы қалыпты тәжірибе болып келеді. Қазақстан да бұл бағытқа кезең-кезеңімен көшуде: 2022 жылдан бері BioOperations өнімдері Еуропалық одақ пен Ұлыбритания нарықтарына экспортталып, халықаралық талаптарға сәйкестігін дәлелдеді.
Маңыздысы — жаңа отынды пайдалану автокөліктерді жаңғыртуды қажет етпейді. БИ-95-ті қолданыстағы бензин қозғалтқыштарында еш өзгеріссіз қолдануға болады. Жүргізілген сынақтар биоэтанол қоспасының негізгі техникалық сипаттамаларға әсер етпейтінін көрсетті. Қуат пен айналу моменті дәстүрлі бензин деңгейінде сақталады, ал кейбір сынақтарда жоғары тиімділік пен төмен шығарындылар тіркелген.
Алайда жобаның стратегиялық маңызы тек отын сипаттамаларымен шектелмейді. Бұл ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және энергетика салаларының өзара ықпалдастығын күшейтетін жаңа модельдің қалыптасуын білдіреді.
«Біз үшін БИ-95-ті іске қосу — ең алдымен экологиялық қадам. Біз тек жаңа отын түрі туралы емес, қоршаған ортаға түсетін нақты жүктемені азайту туралы айтып отырмыз. Биоэтанолды пайдалану шығарындыларды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді — бұл әсіресе ауа сапасы мәселесі бірінші кезекте тұрған Алматы сияқты қалалар үшін өте маңызды.
Сатылымның дәл осы жерде басталуы — саналы шешім. Біз қоғамның неғұрлым таза шешімдерге деген сұранысын көріп отырмыз және бүгіннің өзінде-ақ әдеттерді өзгертпей қолдануға болатын өнім ұсынамыз. Сонымен қатар, мұның артында ауқымды міндет тұр — ел ішінде терең өңдеуді дамыту және экология мен экономиканың өзара қайшылыққа түспейтін тұрақты моделін қалыптастыру», — деп атап өтті жоба жетекшісі Лаура Бергибаева.
Экологиялық әсері де айтарлықтай: биоэтанол қолдану ұсақ бөлшектер шығарындыларын 70%-дан астамға, азот оксидтерін 25%-ға (АИ-92 бензинімен салыстырғанда), ал парниктік газдарды 60–70%-ға дейін азайтады. Бұл астықты терең өңдеуді тек экономикалық емес, сонымен қатар экологиялық тұрғыдан да маңызды етеді.
Қазіргі уақытта БИ-95 отыны бөлшек саудаға шығарылған.