
Астанада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті.
Тараптар шегіртке зиянкестерінің таралуына қатысты қазіргі жағдайды талқылап, егінге төнетін трансшекаралық қауіптерге қарсы күресте ғылыми мониторинг әдістерін енгізуге және халықаралық тәжірибені пайдалануға ерекше назар аударды.
АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбековтың айтуынша, шегірткемен тиімді күрес жүйелі тәсілді талап етеді. Бұл үздіксіз мониторингті, жедел әрекет етуді және ұлттық әрі өңірлік деңгейлерде іс-қимылды нақты үйлестіруді қамтиды.
ФАО-ның аға сарапшысы Александр Лачининский шегіртке санының күрт көбеюі құрғақшылық пен мол жауын-шашынның алмасуы сияқты климаттық жағдайларға тікелей байланысты табиғи биологиялық үдеріс екенін атап өтті. Сондай-ақ шегірткенің трансшекаралық зиянкеске жататынын, сондықтан оның популяциясын тиімді жолға қою тек тығыз халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми негізделген тәсілдер арқылы мүмкін екенін жеткізді.
Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау құралдарының қауіпсіздігі, ресурстарды пайдаланудың ашықтығы және жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымы мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, цифрлық технологиялардың рөлі, атап айтқанда, спутниктік мониторинг пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, сондай-ақ трансшекаралық зиянкестермен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың маңызы ерекше аталды.
Сарапшылар мемлекеттердің негізгі міндеті ғылыми тәсілдер, заманауи технологиялар және үйлестірілген іс-қимыл арқылы ауыл шаруашылығына келетін зиянды барынша азайту екеніне тоқталды.
Кездесу соңында жиналғандар шегірткенің қаптауы төтенше жағдай емес, циклдік табиғи үдеріс екенін және оны жүйелі, кәсіби әрі халықаралық деңгейде үйлестіре отырып реттеу қажет екенін баса атап өтті.