
Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулері аясында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Жетісу облысының тұрғындарымен, соның ішінде өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.
Іс-шараға сондай-ақ салалық басқармалар басшылары, қаржы институттарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары және егіс науқанының келешегіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Вице-министр атап өткендей, былтыр көктемгі дала және орақ жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыру бойынша жүйелі мемлекеттік қолдау шараларының арқасында, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу нәтижесінде біздің еліміз екінші жыл қатарынан өсімдік шаруашылығында жоғары нәтижелер көрсетті.
«Бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге және экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, 2024–2025 маркетингтік жылы 15,3 млн тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (9,6 млн тонна) 60%-ға жоғары және соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш», – деді Ербол Тасжүреков.
Егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Биыл осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде республика бойынша егіс көлемі 180 мың гектарға ұлғайып, 23,8 млн гектарды құрайды.
Жетісу облысында егіс алқаптары 512 мың гектарға дейін ұлғаяды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мың гектарға артық. Оның ішінде жүгері алқабы 47,6 мың гектарға дейін ұлғайтылады, мал азықтық дақылдар 91,5 мың гектарды, майлы дақылдар 105,4 мың гектарды құрайды, ал бидай егісі өткен жылғы деңгейде сақталып, 87,6 мың гектар болмақ.
Кездесу барысында вице-министр қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен тоқталды.
Өз сөзінде өткен жылғы 1 қазаннан бастап көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін аграршыларды ерте қаржыландыру тәжірибесі жалғасқанын айта келіп, биыл бұл мақсатқа 750 млрд теңге қарастырылып, оның ішінде 612 млрд теңге сомасына 4,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылғанына тоқталды.
Ал аталған өңірде 5% мөлшерлемемен 256 фермерге 8,2 млрд теңге сомасында жеңілдетілген несие берілген.
«Даму» қоры арқылы қарыздарды кепілдендіру тетігімен, яғни несие сомасының 85%-ына дейін жабу мүмкіндігін Жетісу облысында 64 шаруашылық пайдаланған. Қаржы көлемі 2,3 млрд теңге.
Биыл жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша өңірдің аграршылары 3,9 млрд теңгеге 99 өтінім берген.
«Көктемгі дала жұмыстарын жеңілдетілген несиелеудің оң тәжірибесі өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыру үшін де осындай қолжетімді несиелер тетігін кеңейтуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде 2025 жылы жылдық “таза” 5% мөлшерлемемен 44,3 млрд теңге көлемінде қысқа мерзімді несиелер бөлінді. Жетісу облысында 4 млрд теңге сомасына 8 жоба қаржыландырылды», – деп атап өтті вице-министр.
Кездесуге қатысушылар арасында мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспар ерекше қызығушылық тудырды. Бұл бағытқа 400 млрд теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мал сатып алу, мал шаруашылығы фермаларын салу және жаңғырту кезінде көрсетілетін қолдау шараларына қатысты сұрақтар қойды.
Сала өкілдері ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелерді де көтерді. Әрбір сұрақ бойынша жан-жақты түсіндірмелер мен ұсыныстар берілді.
Жұмыс сапары аясында вице-министр азаматтарды жеке қабылдау өткізді.