
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ғылым күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Онда Президент ғылымның ел дамуындағы айрықша рөлін айта келіп, осы жолда елеулі еңбек етіп жүрген ғылыми қауымдастық өкілдерін марапаттады.
Олардың қатарында ғылым саласындағы жетістіктері үшін «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» КеАҚ зертханасының жетекшісі Сәрсенбек Монтаев «Парасат» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымына кіретін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің үш жас ғалымына пәтер кілттерін табыстады.
Олар: университеттің Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы, «Өсімдік шаруашылығы» бағыты бойынша қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, PhD Рахия Елназарқызы, «Азық-түлік өнімдерін өндіру» бағыты бойынша қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, PhD Эльмира Базылханова, сондай-ақ «Электрмен жабдықтау» бағыты бойынша аға оқытушы, PhD Артур Ногай.
Рахия Елназарқызының айтуынша, көрсетілген құрмет ғылыми қауымдастық еңбегіне берілген жоғары баға мен ерекше ілтипаттың көрсеткіші. Оның пікірінше, ғылым дамушы мемлекеттің берік іргетасы, ал ғалымдар елдің басты стратегиялық ресурсы болып қала бермек.