
Астанада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лутпен жұмыс кездесуін өткізді. Оған екі елдің бейінді құрылымдары өкілдері де қатысты.
Оксана Лут Қазақстанға келіссөздер жүргізу мақсатында қатарынан екінші жыл келіп отыр. Бұл көршілес елдер тарапынан сенімнің жоғары екенін және министрліктер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға деген ынталылықты көрсетеді.
Кездесу барысында Айдарбек Сапаров қос елдің стратегиялық серіктестігін алға тарта отырып, аграрлық сектор екіжақты ынтымақтастық бағытында маңызды орын алатынын атап өтті. Соңғы бес жылда агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің өзара тауар айналымы тұрақты өсім көрсетіп, 2021 жылғы 2,9 млрд АҚШ долларынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 4,4 млрд АҚШ долларына жетті. Ал биылғы жылдың қаңтар айында сауда көлемі 6,6%-ға артты.
«Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қызу қарқынмен дамуда. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өсім 15,7%-ды құрады. Биыл қаңтар айында да экспорт көлемі 17,8%-ға артты. Бұл біздің әріптестігіміздің тиімділігінің айқын көрсеткіші. Тағы бір атап өтерлігі тараптар жұмысының өзара үйлесімділігінің және бұған дейін енгізілген шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастаудың нәтижесінде айтарлықтай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Қазіргі уақытта қазақстандық-ресейлік ықпалдастық жөніндегі іс-шаралар жоспары белсенді түрде іске асырылуда. Осы ретте ғылыми-техникалық даму және сыртқы сауда бағыттары бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Электрондық фитосанитариялық ілеспе құжаттармен алмасу бағытында ақпараттық жүйелер толық біріктіріліп Россельхознадзордың «Меркурий» жүйесімен өзара іс-қимыл жолға қойылды», — деді министр.
Оксана Лут та өткен жылы тауар айналымының өскенін атап өтіп, ағымдағы жылдың қаңтар–ақпан айларында да бұл үрдіс сақталғанын атап өтті.
«Осыған байланысты өзара сауда саласын одан әрі дамытуды, оның ішінде қазақстандық өнім экспортын Ресей нарығына кеңейту арқылы арттыру жолын қарастыруымыз қажет. Бұл қосымша пысықтауды қажет етеді. Екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде эпизоотиялық жағдайды, мал шаруашылығы және жемшөп өнімдерін жеткізу мен транзитке қойылатын шектеулерді, ветеринариялық бақылау, вакциналар жеткізу, киік популяциясын мониторингтеу мәселелерін қарастыруды ұсынамын», — деді О. Лут
Кездесу барысында қос тарап агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің екіжақты саудасы, шектеулерді алып тастау, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің транзитін қамтамасыз ету және өзге де өзекті сұрақтарды жан-жақты талқылады.
Сондай-ақ аграрлық ғылым, білім беру, селекция және тұқым шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық болашағына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізудің, инновациялық технологияларды енгізудің және білікті кадрлар даярлаудың өзектілігін айтылды.
Маңызды бастамалар қатарында 2025 жылы А.И. Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталық базасында алғашқы агроэкологиялық-климаттық «айна» көміртек полигонын құру, сондай-ақ С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті жанынан агротехнопарк ашу жоспарлары бар.
Оксана Лут екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесінің нәтижелілігін атап өтіп, ғылыми-технологиялық әріптестікті күшейтуді ұсынды.
Министрлер фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелерін де назардан тыс қалдырмады, оның ішінде шегіртке зиянкестеріне қарсы бірлескен шараларға назар аударылды. Екі жақтың үйлесімді іс-қимылының арқасында зиянкестердің мемлекеттік шекара арқылы таралуына жол берілмегені айтылды. Биыл заманауи технологияларды, соның ішінде агродрондарды пайдалана отырып, ауқымды мониторинг және қорғау іс-шараларын жүргізу жоспарлануда.
Келіссөздер қорытындысында екі елдің министрлері барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін жеткізді.