
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде облыс әкімдері орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармалары басшылары, қаржы институттары, министрлік комитеттері мен департаменттері өкілдерінің қатысуымен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және науқанды уақтылы жүргізу мәселелері талқыланды.
«Оңтүстік өңірлер егіс науқанына кірісті, жалпы 202 мың гектар алқапта егіс жұмыстары жүргізілді. Ал солтүстік өңірлер қызу дайындық үстінде. Биыл жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Тұқым қорымен толықтай қамтамасыз етілді, бүгінде 2,3 млн тонна тұқым бар, сапалық сараптама жұмысы ыжалғасуда. Бізге өзара үйлексімді жұмыс атқарып, өзекті мәселелерді ортаға салып, оларды дер кезінде шешу өте маңызды. Себебі, егіс науқанының сәтті өтуі, берекелі өнім алуға тікелей әсер етеді», - деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Айтуынша, биыл бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарады, ал майлы дақылдар 55 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 237 мың гектарға, картоп 10 мың гектарға ұлғаяды. Күріш алқабы 80,3 мың гектарды, мақта алқабы 162,4 мың гектарды құрайды. Тұқым қоры тексерілген, тұқым сапасының жарамдылығы 99% деуге болады.
Одан әрі өңірлерді минералды тыңайтқыштармен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы мәселелері қаралды.
Көктемгі егіс науқаны үшін 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Сала құрылымдарында 133,9 мың трактор, 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш, 188,5 мың топырақ өңдеу құралы және техникалық қызмет көрсететін 70 сервис орталығы бар. Техника дайындығы 90%-ға жетті.
Отырыс барысында науқанға дайындық деңгейі төмен өңірлерге назар аударылып, жұмысты күшейту тапсырылды.
Қаржы институттарының мәліметінше, бүгінгі таңда «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 548 млрд теңгеге өтінімдер қабылданып, 440 млрд теңге көлемінде несие берілген. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алу бағдарламасы бойынша 3 021 техника бірлігін сатып алуға 111 млрд теңгеге өтінім түскен, оның 90%-ы отандық өндіріске тиесілі.
Сонымен қатар жиында шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғау шараларына дайындық мәселелері де қаралды.
«Көктемгі науқан жұмысы толықтай тұрақты бақылауда. Өңірлер жеңілдетілген дизель отынымен, тұқыммен қамтамасыз етілген. Президенттің қолдауының арқасында аграршылар үшін науқанды табысты өткізуге барлық жағдай жасалған. Ең бастысы — науқанды оңтайлы мерзімде және барлық агротехнологиялық талаптарды сақтай отырып жүргізу қажет. Бұл сапалы әрі мол өнім алудың кепілі», — деді министр.