
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Парламент Сенатында өткен парламенттік тыңдау барысында агроөнеркәсіп кешенін цифрлық жаңғырту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Министртің атап өткеніндей, цифрландыру аграрлық саланы одан әрі дамытудың және ашықтығы мен тиімділігін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі.
Қазіргі таңда министрлік қарамағында төрт ұлттық цифрлық жүйе жұмыс істейді, тағы екеуі әзірлену үстінде. Мемлекеттік қолдау шараларының 20 бағыты геоақпараттық жүйе арқылы толықтай цифрлық түрде ұсынылады. Бұл жүйе электрондық шот-фактуралар мен жер кадастры сияқты бірқатар мемлекеттік деректер қорларымен біріктірілген. Соның нәтижесінде өтінімдердің дұрыстығы автоматты түрде тексеріліп, негізсіз төлемдер қаупі азаяды.
Ашықтықты күшейту мақсатында өтінімдерді кезекпен қарау енгізілген. Сонымен қатар, биылғы жылы ауыл шаруашылығы өкілдеріне кеңес беретін ақылды чат-ботты іске қосу жоспарланып отыр.
«Мал шаруашылығын цифрландыруға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта төлді тіркеуден бастап ветеринариялық шаралар, сатып алу-сату және есептен шығару үдерістеріне дейін толықтай автоматтандырылған. Бұдан бөлек, жасанды интеллект элементтерімен “Ветеринариялық көмекші” қызметі әзірленуде.
Өсімдік шаруашылығында егістен бастап өнімді сатуға дейінгі толық өндірістік тізбекті қадағалау жүйесі іске асырылуда. Бұл жоба Ақмола облысында сынақтан сәтті өтіп, осы жылы кең көлемде енгізіледі. Ғарыштық бақылау және салалық деректер қорларымен біріктіру есеп жүргізудің дәлдігін арттырып, субсидиялау кезінде жалған мәліметтерді болдырмауға мүмкіндік береді», — деді Айдарбек Сапаров.
Бүгінгі күні жер ресурстарын басқарудың ақпараттық жүйесі әзірленуде. Бұл жүйе кадастрлық деректерді, инфрақұрылым туралы мәліметтерді және топырақ сапасы жөніндегі ақпаратты біріктіреді. Барлық ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жер қорын жан-жақты талдауға және тиімді басқаруға негіз болмақ.
Министрлік ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуді де қолдайды. Олардың қатарында дәлме-дәл егіншілік, өндірістік үдерістерді автоматтандыру және роботтандыру бар. Инвестициялық субсидиялау аясында цифрлық ауыл шаруашылығы техникасы мен дрондарды сатып алуға кеткен шығынның бір бөлігі өтеледі.
«Басым бағыттардың бірі — халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Осыған байланысты көршілес мемлекеттермен, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе электрондық ветеринариялық және фитосанитариялық сертификаттармен алмасуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл сауданың ашықтығын қамтамасыз етуге, өнім сапасын бақылауға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді», — деп атап өтті министр.
2026 жылға арналған басты міндеттердің бірі «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру. Қаржы технологиялары саласымен өзара іс-қимыл жасау және заманауи талдау құралдарын, соның ішінде деректер қоймасын құру бағыттары пысықталуда.
Осынің барлығы агроөнеркәсіп кешенінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оны халықаралық талаптарға сәйкестендіруге және саланың одан әрі тұрақты өркендеуіне жол ашады.