Алматы облысында мал шаруашылығын дамытудың, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың маңызды мәселелері талқыланды

Алматы облысында мал шаруашылығын дамытудың,  агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың маңызды мәселелері талқыланды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесіп, кеңес өткізді.

Онда 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қаралды. Бұл құжат саланың дамуына жаңа серпін беріп, алдағы бес жылға арналған өсім бағытын айқындауды көздейді. Жоспарда шаруашылықтардың технологиялық деңгейін және өнімділігін арттыруға, сондай-ақ өндіріс тізбегінің барлық кезеңінде қаржы көздеріне қолжетімділікті кеңейтуге басымдық берілген. Жоспарды іске асыруға 400 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Вице-министр биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жалғасатынын атап өтті. Еліміз бойынша болжанған 23,8 миллион гектар жалпы егіс көлемінің, 435 мың гектары осы облысқа тиесілі. Өңірде майлы дақылдар мен жүгері алқаптарын ұлғайту жоспарланған, сонымен қатар бидай (35,8 мың гектар), мал азықтық дақылдар(204 мың гектар), майлы дақылдар( 24,5 мың гектар), жүгері(58 мың гектар) сияқты негізгі дақылдар бойынша тұрақты көлем сақталады.

Кеңес барысында ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Көктемгі егіс жұмыстарына арналған жеңілдетілген несие беру аясында Алматы облысында 30 фермерге 6,2 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы алу бағдарламасы бойынша 2026 жылы қаржыландыру көлемі 300 миллиард теңгеден асады. Жыл басынан бері жалпы сомасы 169 миллиард теңгеге 2 630 өтінім түскен, оның ішінде Алматы облысы бойынша 2,6 миллиард теңгеге 94 өтінім бар.

Отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігі мен қаржы ұйымдарының өкілдері «Кең дала-2», «Игілік» және «Бірлік» бағдарламаларына қатысты ауыл шаруашылығы өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Қатысушылар мемлекеттік қолдау тетіктерін жеңілдету жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты.

Кеңесті қорытындылай келе, Ербол Тасжүреков қабылданып жатқан шаралар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, өндіріс көлемін арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.