
«Кең дала - 2» бағдарламасы аясында бүгінгі күні 3287 отандық шаруа 334 млрд теңге сомасына жеңілдетілген несие алды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу барысында мәлімдеді. Жалпы 2026 жылы аталған бағдарламаны іске асыруға 750 млрд теңге қарастырылған.
Вице-министрдің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында 307 фермер 31,6 млрд теңге сомасына жеңілдетілген несие алып, соның нәтижесінде 407 мың гектар егіс алқабын қаржыландыру мүмкін болды.
Несиелік ресурстардың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Даму» қоры арқылы кепілдендіру тетігі қолданылуда. Бұл шаруалар үшін сыйақы мөлшерлемесін жылдық 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы ел бойынша 148 млрд теңге сомасына 929 кепілдік берілсе, соның 152-сі Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы да жалғасуда. 2026 жылы оның көлемі 300 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда 169 млрд теңге сомасына 2 630 өтінім берілді, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысынан 20,2 млрд теңгеге 155 өтінім түскен.
Маңызды бағыттардың бірі – егіс алқаптарын әртараптандыру. Ағымдағы жылы республика бойынша жалпы егіс көлемі шамамен 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл ретте бидай алқаптарын қысқартып, майлы және мал азықтық дақылдар секілді табыстылығы жоғары әрі сұранысқа ие дақылдардың үлесін арттыру жоспарланып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында егіс алқабының көлемі 4,3 млн гектарды құрайды. Оның ішінде шамамен 2 млн гектарға бидай, 405 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 980 мың гектарға жуық жерге майлы дақылдар егіледі. Сонымен қатар, дәндік жүгері егісі едәуір ұлғаяды.
Кездесу аясында жалпы қаржыландыру көлемі 400 млрд теңгеден асатын Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары да таныстырылды. Құжатта жаңа жеңілдетілген және қайтарымды қолдау құралдарын енгізу, оның ішінде «Игілік» және «Береке» кредиттік өнімдерін іске асыру, сондай-ақ жайылымдарды тиімді пайдалану және шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту шаралары көзделген.
Кездесуге қатысушылар жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері, несие мен кепілдік алу шарттары, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, субсидиялау және өзге де мәселелер бойынша өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Сонымен қатар, өңірге жұмыс сапары аясында Аманғали Бердалин азаматтарды жеке қабылдап, шаруалармен өткен республикалық кеңеске қатысты, сондай-ақ инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Айта кету керек, Солтүстік Қазақстан облысы дәстүрлі түрде еліміздің негізгі аграрлық өңірлерінің бірі болып саналады. Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының шамамен 25%-ын қалыптастырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы өнім көлемі 1,1 трлн теңгеден асып, тұрақты оң динамиканы көрсетті.