Қызылорда облысында аграрлық саланы дамыту мәселелері талқыланды

Қызылорда облысында аграрлық саланы дамыту мәселелері талқыланды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шараға өңірдің 80-нен астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі қатысты. Ашық форматта өткен диалог барысында қатысушылар өзекті мәселелерді тікелей көтеріп, ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.

Кездесу барысында Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы қатарынан екінші жыл рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, саланың тұрақты өсімін айқын көрсетіп отырғаны атап өтілді.

2025 жылы заманауи агротехнологияларды енгізу және жеңілдетілген қаржыландыру көлемін кеңейту есебінен жоғары өнім алынып, ішкі нарықтың қажеттілігі толық қамтамасыз етілді, сондай-ақ экспорттық әлеует артты. 2024–2025 маркетингтік жылы астық экспорты 15,3 млн тоннаға жетіп, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 60%-ға өсті.

2026 жылы егіс алқаптарын әртараптандыру бағыты одан әрі күшейтіледі: республика бойынша олардың көлемі 23,8 млн гектарға дейін, ал Қызылорда облысында 186 мың гектарға дейін ұлғаяды. Бұл ретте бидай егістігін қысқартып, майлы және мал азықтық дақылдар алқаптарын кеңейту жоспарлануда.

2025 жылы жеңілдетілген қаржыландыруға 750 млрд теңге бағытталды, осындай көлем ағымдағы жылға да қарастырылған. Бүгінде 334 млрд теңге сомасына 3 мыңнан астам шаруа қаржыландырылды, оның ішінде Қызылорда облысында 5,4 млрд теңгеге 36 шаруашылық қолдау алды.

Сондай-ақ несиелеу, лизинг және қайта өңдеу саласын қолдау құралдары белсенді түрде дамып келеді. 2025 жылы 9 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, ал ағымдағы жылы жеңілдетілген лизинг көлемі 300 млрд теңгеден асады.

Саланы дамытуға қосымша серпін мал шаруашылығын қолдау арқылы беріледі — Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға 400 млрд теңгеден астам қаражат көзделген.

Жалпы алғанда, 2026 жылы ауыл шаруашылығы саласының өсімі 5,9% деңгейінде болады деп күтілуде, ал азық-түлік өндірісі 9,5%-ға артады.

Сонымен қатар, инвестициялық жобалар, оның ішінде сүт-тауарлы фермаларын іске қосу жобалары жүзеге асырылуда. Қызылорда облысында 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 14,4 млрд теңге қарастырылған.

Кездесу барысында Ермек Кенжеханұлы мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері, субсидиялау шарттарындағы өзгерістер және жеңілдетілген несие беру құралдары туралы жан-жақты түсіндіріп, оларды тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Аграрлық бизнес өкілдері өз кезегінде субсидия алу рәсімдерін жеңілдету, суармалы егіншілікті дамыту, техникалық жаңғырту және өнім өткізу нарықтарын кеңейту мәселелерін көтерді.

Кездесу қорытындысы бойынша вице-министр барлық айтылған ұсыныстар салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жан-жақты пысықталатынын атап өтті.

Жұмыс сапары аясында Ермек Кенжеханұлы азаматтармен жеке қабылдау өткізді.