Қазақстанда 1 трлн теңге айналым қаражатының арқасында 3,5 трлн теңге валюталық табыс түсті

Қазақстанда 1 трлн теңге айналым қаражатының арқасында 3,5 трлн теңге валюталық табыс түсті

Өткен жылы Қазақстанның агроөнеркәсіп саласы соңғы жылдардағы ең айтулы нәтижелерге қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты алғаш рет 7 млрд АҚШ долларына (3,5 трлн теңге) жетті. Бұл тек өнім көлемінің артқанын емес, саланың жақсарып, дамып жатқанын көрсетеді. Мұндай өсімге жеңілдетілген несиелер ауқымын 1 трлн теңге дейін ұлғайтылғаны айрықша ықпал етті.

Бұл несиелер 15 айға дейін, жылына 5% мөлшерлемемен берілді. Қаражат тауар өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға бағытталды. Мұндай тетік шаруаларға егіс жұмыстарынан бастап дайын өнімді өңдеу мен өткізуге дейінгі өндірістік үдерістің барлық кезеңінде қажетті ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығы маусымға тәуелді болғандықтан, мұндай қолдау өте маңызды факторға айналды.

Нәтижесінде елге 7 млрд доллар көлемінде шетел валютасы келді. Бұл ел экономикасын нығайтып, қаржы тұрақтылығын арттырды.
Жалпы экспорт көлемі 3,5 трлн теңгеден асты. Бұл соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстан өнімдерін ең көп сатып алған елдер: Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан және Ресей. Ең көп сатылған өнімдер: бидай, ұн, мал азығы, арпа, зығыр тұқымы, күнбағыс майы және басқа да тауарлар.

Жеңілдетілген несиелер тек экспортты ғана емес, бүкіл саланы дамытуға әсер етті. Әсіресе өнімді өңдеу саласы жақсы дамыды. Қосымша құны жоғары өнімдердің экспорты 35,3%-ға өсіп, 3,6 млрд долларға жетті. Өңделген өнімдердің үлесі 50%-дан асты. Бұл Қазақстанның тек шикізат сатумен шектелмей, дайын өнім шығаруға көшіп жатқанын көрсетеді.
Ішкі өндіріс те өсті. Азық-түлік өндіру 8,1%-ға көбейіп, 3,9 трлн теңгеге жетті. Ал сусындар өндірісі 9,7%-ға өсіп, 1,2 трлн теңге болды. Бұл өсім көлік, қойма, сауда сияқты басқа салалардың да дамуына әсер етті.
Жеңілдетілген несиелер өңірлердегі кәсіпкерлікті де жандандырды. Кәсіпорындар көбірек жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Ауылдар дами бастады.

Сондықтан бұл бағдарлама тек бизнеске көмектесіп қана қоймай, өңірлердің дамуына да үлес қосты.

Сонымен қатар, бұл сала инвесторлар үшін де тартымды болып отыр. Шикізат қорының артуы, экспорттың өсуі және тұрақты жағдай жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруде. Жақын жылдары жылына 5,8 млн тонна өнім өңдейтін 6 ірі зауыт ашу жоспарланып отыр. Олар дайын өнім шығарып, экспортты одан әрі арттырады.

Осылайша, 1 трлн теңге көлеміндегі жеңілдетілген қаржыландыру тек дағдарысқа қарсы шара ғана емес, агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде жаңғыртудың маңызды құралына айналды. Ол өндірістің өсуін, экспорттың кеңеюін, қайта өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді дамуға бағытталған тұрақты экономикалық үлгінің қалыптасуына негіз болды.