Алматы облысында 7 агроинвестициялық жоба іске асады

Алматы облысында 7 агроинвестициялық жоба іске асады

Биыл Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешен саласында 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалардың жалпы құны – 44,6 млрд теңге.

Жобалар ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Аталған жобаларды іске асыру агроөнеркәсіптік салаға инвестициялар тартуға, қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды несиелеу бағдарламасы. Бағдарлама аясында 4 млрд теңге қарастырылып, екі жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, 1,5 млрд теңге «Alfalfa» ЖШС-нің су үнемдеу технологияларын енгізу жобасына, ал 2,5 млрд теңге «Азия Агро Фуд» АҚ-ның жүгеріні қайта өңдеу зауытын кеңейтуіне бағытталды.

Сонымен қатар, 2026 жылы осы бағдарлама аясында жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын тағы 4 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықовтың айтуынша, агроөнеркәсіптік секторға инвестиция тарту өңір ауыл шаруашылығын жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі.

«Биыл іске асырылатын жобалар агроөнеркәсіптік кешеннің өндірістік әлеуетін арттырып, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін береді», – деді Димаш Сыдықов.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қалыптастырған «Инвестициялық тапсырыс» бастамасы аясында жалпы сомасы 708,7 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Айта кетейік, 2025 жылы Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешеніне салынған инвестициялар көлемі (алкоголь өнімдерін өндіруді есепке алмағанда) 178,2 млрд теңгені құрап, жоспар 145,4%-ға орындалды. Бастапқыда 122,6 млрд теңге тарту жоспарланған болатын.

Бұдан бөлек, бекітілген Жол картасы аясында өткен жылы жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске асырылды. Оның ішінде 9 сүт-тауар фермасы, 1 жылыжай кешені, 1 балық шаруашылығы, 1 көкөніс сақтау қоймасы, 1 вафли өнімдерін өндіру зауыты және 1 құс фабрикасы бар.