ФАО Қазақстанға бруцеллезге қарсы күресте техникалық қолдау көрсетуде

ФАО Қазақстанға бруцеллезге қарсы күресте техникалық қолдау көрсетуде

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ұйымдастырған бруцеллезге қарсы күрес бойынша техникалық көмек мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтуде. Кездесу 2026 жылғы 16–19 наурыз аралығында өткізіліп, қол жеткізілген нәтижелерді бағалау және 2027 жылғы наурызға дейін жоспарланған жобаны іске асырудың алдағы қадамдарын келісу мақсатында ұйымдастырылған.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері, сондай-ақ ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия өңірлік кеңсесінің сарапшылары қатысуда. ФАО тарапынан жануарлар денсаулығы жөніндегі маман Даниэль Бельтран-Алькрудо және жануарлар денсаулығы саласындағы төтенше жағдайларға дайындық жөніндегі сарапшы Марк Харальд Ховари қатысып отыр.

Талқылау барысында бруцеллездің алдын алу және оны бақылау жөніндегі жоба нәтижелеріне ерекше назар аударылды, сондай-ақ оны одан әрі іске асыруға бағытталған нақты шаралар айқындалуда. Ұлттық органдар мен халықаралық сарапшылар арасындағы үйлестіруді нығайтуға, сондай-ақ жобаны аяқтауға дейінгі іс-шаралардың рөлдері, міндеттері мен мерзімдерін нақтылауға басымдық берілді.

«Бруцеллезге қарсы күрес мал шаруашылығы саласын дамыту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық бұл міндетті жүйелі түрде шешуге және ветеринариялық қызметтер саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ жануарлар ауруларының өршуіне дайындықты арттыру, техникалық білім алмасуды дамыту және зооноздық ауруларды бақылаудың ұлттық жүйелерін жетілдіру үшін халықаралық озық тәжірибелерді қолдану шараларын талқылады.

«Үйлестірілген тәсіл мен сараптамалық білім алмасу бруцеллез сияқты зооноздық ауруларды тиімді бақылау үшін шешуші мәнге ие. Мұндай бастамалар тұрақты шешімдер қабылдауға және ұлттық әрі өңірлік деңгейде ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді», — деп атап өтті ФАО-ның жануарлар денсаулығы жөніндегі маманы Даниэль Бельтран-Алькрудо.

Кездесу қорытындысы бойынша жобаны іске асырудың нақты алдағы қадамдары келісілетіні күтілуде. Бұл Қазақстанның бруцеллездің алдын алу және бақылау жөніндегі жұмыстарын күшейтуге, сондай-ақ жануарлар денсаулығын жақсартуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.