
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдегі эпизоотиялық жағдаймен танысты.
Түмен облысымен шекаралас аймақта орналасқан Қызылжар ауданының Якорь ауылында министр ветеринариялық пунктке барды. Нысан 2025 жылдың қазан айында пайдалануға беріліп, ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Пункт 3,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарларына, сондай-ақ ауданның ірі мал және құс шаруашылығы кәсіпорындарына қызмет көрсетеді.
Ветеринариялық нысанды аралау барысында Айдарбек Сапаров шекаралас аудандарда ветеринариялық бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралуының алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды күшейтіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ветеринариялық қызметтің уақытылы әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Биыл өңірде осындай тағы 57 ветеринариялық пункттің құрылысы басталады.
Жалпы, 2025 жылы Қазақстанда 213 жаңа ветеринариялық нысан пайдалануға берілді. Бұл эпизоотиялық қауіпсіздікті нығайтуға және ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.