
Food and Agriculture Organization (ФАО) штаб-пәтерінде фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері мен өсімдіктерді қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған 20-сессия өтті.
Қазақстан атынан іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өсімдік өнімдерін қорғауды күшейтуге бағытталған шараларды талқылау және тиісті шешімдер қабылдау.
Қатысушы елдердің өкілдері Халықаралық фитосанитариялық шаралар стандарттарын әзірлеу және жетілдіру мәселелерін қарастырды. Оның ішінде қолданыстағы стандарттарды қайта қарау жобалары мен жаңа қосымшаларды әзірлеу мәселелері талқыланды.
Саят Сақмолдин Қазақстанның бұл сессияға қатысуы елдегі фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.
«Халықаралық ынтымақтастық ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуде және өсімдік өнімдерінің қауіпсіз саудасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Сессия жұмысына қатысу тәжірибе алмасуға, озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге және өсімдіктер карантині мен қорғау жөніндегі ұлттық жүйені жетілдіруге мүмкіндік береді», — деді ол.
20-сессия қорытындысы бойынша қатысушылар Халықаралық фитосанитариялық шаралар стандарттарын жетілдіру және өсімдіктер карантині саласында заманауи тәсілдерді енгізу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Қабылданған шешімдер карантиндік зиянкестердің таралуының алдын алу тиімділігін арттыруға, өсімдік өнімдерінің қауіпсіз халықаралық саудасын дамытуға және өсімдіктер карантинінің жаһандық жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған.
Айта кету керек, ФАО-ның негізгі миссиясы – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлем халқын жеткілікті көлемде сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету. Ұйым сондай-ақ агроазық-түлік жүйелерін трансформациялау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, тұрақты өндіріс пен тұтынуды дамытуға, соның ішінде өсімдіктерді қорғау жүйесін нығайту арқылы қолдау көрсетіп келеді.