2026 жылы Павлодар облысында 1,7 млн гектар алқапқа егін егіледі

2026 жылы Павлодар облысында 1,7 млн гектар алқапқа егін егіледі

Өңірде көктемгі дала жұмыстарына дайындық қарқынды жүргізілуде. Биыл павлодарлық шаруалар 1,7 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,2 мың гектарға артық.

Егіс алқаптарының ұлғаюы дәнді дақылдар, майлы дақылдар және мал азықтық дақылдар егісінің кеңеюі есебінен қамтамасыз етілмек.

Егіс құрылымында әдеттегідей ең көбі яғни, 849 мың гектар жер дәнді дақылдарға тиесілі.

Майлы дақылдар егістігі едәуір ұлғайды, қазір 549,7 мың гектар. Ал мал азықтық дақылдар 264,4 мың гектар алқапқа егіледі.

Дәнді дақылдар, картоп және көкөніс-бақша дақылдарына жоспарланған егіс көлемі өңірдің ішкі нарықтағы қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер толықтай тұқыммен қамтылған. Барлығы 171,1 мың тонна тұқым дайындалды, бұл қажеттіліктің 100 пайызын құрайды. Сондай-ақ 159 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 92 пайызды құрайды. Егіс науқанына әртүрлі үлгідегі тіркемелі және аспалы құралдармен жабдықталған 3403 трактор, 1835 соқа, 1076 қопсытқыш және басқа да техника жұмылдырылады. Олардың барлығы егіс жұмыстарын агротехникалық тұрғыдан қолайлы мерзімде жүргізуге жеткілікті.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін өңірге арзандатылған 27,3 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Осы жылы өсімдік шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі 9,4 млрд теңгені құрайды. Қаражат минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарының құнын субсидиялауға, тұқым шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне су жеткізу қызметін субсидиялауға, сондай-ақ басым дақылдарды өсіруді қолдауға бағытталады.

«Кең дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жалпы сомасы 8,3 млрд теңгеге 87 несие берілді.

Жалпы, бағдарлама жүзеге асырылған кезеңде Павлодар облысының шаруаларына 49,7 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие ұсынылды.