Қазақстанда Жерді пайдалануды ұйымдастыру, геодезия және картография күні атап өтілуде

Қазақстанда Жерді пайдалануды ұйымдастыру, геодезия және картография күні атап өтілуде

«ЖерЗЖЖМИ» қабырғасында жерге орналастыру, геодезия және картография күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Зайролла Дүйсенбеков және сала ардагерлері мен мамандары қатысты.

Комитет төрағасы М.Теміржанов кәсіпорын жұмысын жоғары бағалап, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды сөз етті:

«ЖерЗЖЖМИ» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жер ресурстарын зерттеу, есепке алу және топырақ сапасын бақылау бағытында маңызды жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, жердің тозуына қарсы күрес, топырақтың сапалық жағдайын жүйелі түрде есепке алу және мониторинг жүргізу шаралары тұрақты түрде іске асырылуда. Кәсіпорын құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 12,7 млн гектар жер топырақтық зерттеулермен, ал 14,5 млн гектар жер геоботаникалық зерттеулермен қамтылды» — деді.

2026 жылғы қаңтардан «ЖерЗЖЖМИ» құрамына агрохимиялық қызмет те қосылғаны белгілі. Бұл өз кезегінде жер ресурстарының жай-күйін бағалауға, ғылыми негізделген шешімдер қабылдауға және жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кезекті сөз алған кәсіпорын басшысы Гүлжахан Бимендина кәсіпорын қызметінің маңызды бағыттарының бірі - жер ресурстарын тұрақты басқаруды дамытуға бағытталған ұлттық және халықаралық бастамаларға қатысу екенін баса айтты.

«ЖерЗЖЖМИ» РМК-ға топырақ мониторингі, көміртекті (карбон) егіншілікті дамыту және бұзылған жерлерді қалпына келтіру салаларында жобаларды жүзеге асыру бойынша БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен «Тенгизшевройл» ЖШС-нен ынтымақтастық туралы ұсыныстар келіп түсті. Алдағы уақытта FAO-мен бірлесіп көміртекті егіншілікті дамыту бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар топырақтағы органикалық көміртекті есепке алу жүйесін құруды, мониторингті іске қосуды, зертханалар желісін қалыптастыруды және ұлттық мамандарды даярлауды қамтиды. Сонымен қатар БҰҰ-ның жердің деградациясы мен шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы аясында PRAIS-5 ұлттық есептілігін дайындау жобасын жүзеге асыру да жоспарланып отыр» — деді Г.Бимендина.

Биыл кәсіпорын алдында саланы цифрландыру міндеті тұр. Бұл ретте жер ресурстарын мониторингтеу жүйесін жетілдіру, заманауи геоақпараттық технологиялар мен кеңістіктік деректерді өңдеудің цифрлық платформаларын енгізу қажет.

Салтанатты шара марапаттаумен жалғасты. 10 азамат «Құрметті жерге орналастырушы» төсбелгісімен наградталды. Бірқатар қызметкерлерге Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары табысталды.