Астанада Қазақстанның ауыл шаруашылығында агродрондарды дамыту және реттеу мәселелері талқыланды

Астанада Қазақстанның ауыл шаруашылығында агродрондарды дамыту және реттеу мәселелері талқыланды

AgriTek халықаралық көрмесі аясында «Агродрондар: ауыл шаруашылығының болашағы және мемлекеттік реттеу» тақырыбында панельдік сессия өтті. Іс-шара Қазақстан аграрлық саласына ұшқышсыз технологияларды енгізу мәселелеріне арналды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Skyworker Academy авиациялық оқу орталығы, КазАгроФинанс АҚ, Freedom Insurance сақтандыру компаниясы, сондай-ақ бизнес өкілдері мен агродрондар нарығының қатысушылары қатысты.

Талқылау барысында қатысушылар ауыл шаруашылығында ұшқышсыз әуе кемелерін пайдаланудың қолданыстағы реттеу мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ олар агродрондарды өндірістік процестерде қолданудың практикалық аспектілерін, аграрлық секторға инновациялық технологияларды енгізуді қолдаудың қолданыстағы және ықтимал шараларын талқылады.

Агродрондарды қауіпсіз пайдалану, салалық инфрақұрылымды дамыту және нарық қатысушылары үшін ашық әрі түсінікті жұмыс қағидаларын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Бүгінде агродрон технологиялары ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырудың маңызды құралына айналуда. Оларды қолдану ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға, топыраққа түсетін жүктемені азайтуға және ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеудің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет пен нарық қатысушылары арасындағы ашық диалог саланың тұрақты әрі ашық дамуын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті панельдік сессия ұйымдастырушылары.

Агродрондарды пайдалану ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.Бұл технологиялар су мен өсімдіктерді қорғау құралдарының шығынын азайтуға, егіс алқаптарын өңдеудің дәлдігін арттыруға және дәстүрлі техниканы пайдалану қиын болатын жағдайларда жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.

Осындай пікірталас алаңдарын өткізу мемлекеттік органдар мен нарық қатысушылары арасында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Қазақстанның ауыл шаруашылығында инновациялық технологияларды дамытуға бағытталған тиімді шешімдерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара ұйымдастырушылары агродрондар саласын дамыту мәселелерін талқылауға қатысып, қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Freedom Insurance компаниясына алғыс білдірді.