
«Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Оңтүстік Кореяның VITROSYS INCORPORATION компаниясы Қазақстанда картоптың тұқымдық түрін өндірудің заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Компания президенті Сон Сонг Хо және ғылыми институт өкілдерімен өткен кездесуде жобаны іске асырудың негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды.
Олардың қатарында in vitro әдісі арқылы вируссыз отырғызу материалын өндіру, биореакторларды пайдалана отырып картопты микроклондық көбейту технологиясын енгізу, шағын түйнектерді (G0) және G1–G3 буындағы тұқымдық картопты өндіруді дамыту, зертхана мен жылыжай инфрақұрылымын жаңғырту, отандық мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру.
Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанның тұқымдық картоп импортына тәуелділігін азайтып, аграрлық саланың ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға әрі шаруаларды жоғары сапалы тұқымдық материалдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.