Айдарбек Сапаров әйелдердің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін атап өтті

Айдарбек Сапаров әйелдердің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін атап өтті

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров министрлік пен оған қарасты ұйымдардың әйелдер ұжымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, олардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығын дамытуға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға қосып отырған маңызды үлесін атап өтті.

«Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде де, ел бірлігі мен берекесін сақтауда да әйелдердің рөлі әрдайым ерекше.

Отбасының ұйытқысы бола отырып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген аналарымыз аз емес. Министрлік жүйесінде 3670 қызметкердің шамамен 40 пайызы – әйелдер. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі салаларының бірі. Оның дамуына қосып отырған сіздердің үлестеріңізді асыра бағалау мүмкін емес. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында аграрлық сектор дамып, елдің әл-ауқаты арта түсуде», — деді министр.

Сондай-ақ ол тәуелсіз Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға елеулі үлес қосқан сала ардагерлеріне ерекше алғысын білдірді.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес аграрлық саланың 5 өкілі мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен «Ақ Бидай – Терминалы» АҚ зертханашысы Фарида Сағындықова марапатталды. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Жақсы аудандық тұқым зертханасының тұқым жөніндегі бас сарапшысы Бақыт Кенжегузиноваға табысталды.

Сондай-ақ министрліктің, оның құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың үздік қызметкерлеріне ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.