Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің экспорты 2025 жылы 7 млрд долларға жетті

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің экспорты 2025 жылы 7 млрд долларға жетті

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің экспорты өткен жылы 7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37%-ға артқан. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлімдеді.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы елдің АӨК дамуының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді.

«Біздің стратегиялық міндетіміз — тек ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруді ұлғайту ғана емес, әсіресе, терең өңдеуді қамтамасыз ету арқылы жоғары қосылған құны бар өнім шығару. Өңдеу саласы жаңа өндірістік тізбектер қалыптастырып, өңірлерде жұмыс орындарын ашады, экспорттық әлеуетті арттырады және аграрлық экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу міндетін жүктеді», — деді вице-министр.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 5,9%-ға өсіп, 9,8 трлн теңгеге жетті. Бұл өсімдік шаруашылығына да, мал шаруашылығына да тән. Таза салмақта 25,9 млн тонна астық жиналды, оның ішінде 19,3 млн тоннасы бидай. Майлы дақылдардан рекордтық 4,8 млн тонна өнім алынды, сондай-ақ 1 млн тоннадан астам бұршақ дақылдары жиналды.

Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірісінің құрылымы өзгерді. Бидай егістігінің көлемі 900 мың гектарға қысқартылса, бұршақ дақылдары 275 мың гектарға, ал майлы дақылдар 1 млн гектардан астам аумаққа ұлғайтылды. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының тұрақты моделін қалыптастырып, өңдеу кәсіпорындары үшін шикізат базасын кеңейтуде.

Өндіріс көлемінің артуы өңдеу өнеркәсібінің дамуына да оң әсер етті. 2025 жылы тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 8,1%-ға өсті.

Өнімдердің басым бөлігінде өсім тіркелді: Мәселен, ет консервілері өндірісі 43%-ға, жарма өнімдері 28,7%-ға, қайта өңделген және консервіленген жеміс-көкөніс 27%-ға, сары май 24,8%-ға, өсімдік майы 17,4%-ға, макарон өнімдері 12,5%-ға артты. Ұн өндірісі 3,6 млн тоннаға жетті, ірімшік пен сүзбе өндірісі 13%-ға, қышқыл сүт өнімдері 8%-дан астамға өсті.

Өңдеудің негізгі бағыттары — астық, май-тоң май, ет және сүт салалары. Майлы дақылдарды өңдеумен жалпы қуаты 5 млн тоннадан асатын 90-ға жуық кәсіпорын айналысады. 2025 жылы өсімдік майы өндірісі 888,8 мың тоннаны құрап, бір жылда 17,4%-ға артты.

Жыл сайын 5 млн тоннадан астам астық өңделеді. Терең өңдеу саласы да дамып келеді: жалпы қуаты 500 мың тоннадан асатын үш кәсіпорын крахмал, глютен, сірне және биоэтанол өндіруде. 2025 жылы 29 мың тонна жүгері крахмалы, 28 мың тонна бидай крахмалы, 13 мың тонна глютен, 82 мың тонна сірне және 21 мың тонна биоэтанол өндірілді.

Ет өңдеу саласында жалпы қуаты 450 мың тонна болатын 210 кәсіпорын жұмыс істейді. Сүт өнеркәсібінде жиынтық қуаты 2,7 млн тоннаға жуық 180 кәсіпорын бар.

Астықты терең өңдеу ең басым бағыттардың бірі. 2028 жылға дейін жылдық қуаты 5,8 млн тоннаны құрайтын жаңа өндірістер іске қосылады деп жоспарлануда. Жалпы инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгені құрап, 3,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім түрлері аминқышқылдары, сироптар, дәрумендер және басқа да жоғары технологиялық өнімдер есебінен кеңейеді.

Өңдеу көлемінің өсуі экспорттық әлеуеттің артуына тікелей ықпал етуде. 2025 жылы өңделген өнім экспорты 3,6 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға артты. Жалпы алғанда, Қазақстанның АӨК өнімдері экспорты 7 млрд долларға жетті.

Саланы дамыту аясында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы жылдары майлы дақылдарды өңдеу саласында 94 млрд теңгеге 13 жоба, астықты терең өңдеу бағытында 1,9 трлн теңгеге 6 жоба іске асырылады. Сүт саласында 41 млрд теңге көлемінде 12 жоба жүзеге асырылып, қосымша 165 мың тонна өндірістік қуат енгізіледі.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуда мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарады. Кәсіпорындарға негізгі құралдарды сатып алуға 2,5% және айналым қаражатын толықтыруға 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие қарастырылған. Кепілдік жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры арқылы несиенің 85%-ына дейін кепілдендіру механизмі жұмыс істейді.

Инвестициялық субсидиялау шаралары да кеңейтілді. Стандартты өтеу үлесі 25% болса, басым бағыттар бойынша ол 40%-ға (қант өндірісі мен жұмыртқаны өңдеу) және жоғары технологиялық өндірістер үшін 50%-ға дейін ұлғайтылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде сала тұрақты қарқынды даму жолына түсті. Егер 2024 жылы негізгі шикізат түрлері бойынша өңделген өнім үлесі 50% болса (жоспар — 40%), 2025 жылдың жедел деректеріне сәйкес бұл көрсеткіш 60%-ға жуықтаған.

«Алдағы жылдары терең өңдеуді дамытуға, өндірістік қуаттарды кеңейтуге, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды арттыруға және Қазақстанның әлемдік нарықтағы экспорттық позициясын нығайтуға баса назар аударылады. Бұл өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.