Ақкенже Саташеваның ғибратты ғұмыр жолы

Ақкенже Саташеваның ғибратты ғұмыр жолы

Халқымыздың ата кәсібі саналатын ауыл шаруашылығы – ең жауапты әрі маңдай термен қатар, табандылықты, төзімділікті және таңдаған ісіне адалдықты қажет ететін сала.

Ақкенже Саташеваның өмір жолы – қайсарлық пен еңбекқорлықтың, отбасылық дәстүрге беріктіктің айқын үлгісі. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ол туған жеріне және ел-жұртына адал қызмет етіп келеді. Оның ғұмыры – жас ұрпаққа өнеге, нағыз еңбек адамының бейнесі.

1978 жылы жұбайы Бақытжанмен шаңырақ көтеріп, сол жылы Атырау облысындағы «Первомайский» кеңшарында еңбек жолын бастады. Содан бері адал әрі жауапты еңбек олардың отбасының басты ұстанымына айналып, жерге деген жанашырлық өмірлік мұрат болды.

Ақкенже дүниеге он перзент әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Балаларының бойына еңбекке құрмет, жауапкершілік пен дербестікке ұмтылу қасиеттерін сіңірді.

Бүгінде ұл-қыздарының басым бөлігі ата кәсіпті жалғастырып, жылқы және құс шаруашылығымен айналысып келеді.

2020 жылы ерлі-зайыптылар «Бакытжан» және «Аккенже» шаруа қожалықтарын құрды. Қазіргі таңда олардың еңбегі тұрақты өнім беріп, шаруашылық өнімдері аудан тұрғындары тарапынан сұранысқа ие.

Отбасы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне тұрақты қатысып, көкөніс өнімдерінің түрлерін әлеуметтік қолжетімді бағамен ұсынады.

Көп жылғы адал еңбек елеусіз қалған жоқ. Ақкенже «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін» марапаттарының иегері атанса, отбасы мүшелері Құрмет грамотасымен марапатталған.

Осының барлығы үлкен бір әулеттің жанкешті еңбекке берілген шынайы баға екені сөзсіз.