
Өңірде биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарлы түрде жалғасуда. Осы жылы 865 мың гектар алқапты қамту жоспарланып отыр.
Құрылымына сәйкес дәнді дақылдар 506 мың гектарға, майлы дақылдар 75 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 277 мың гектарға егілетін болады. Картоп 3,5 мың гектарға, ал көкөніс-бақша дақылдары 3,3 мың гектарға отырғызылмақ.
2026 жылғы өнімге арнап 283 мың гектар жер дайындалды. Оның ішінде 170 мың гектары — сүрі жер, 113 мың гектары — күзгі жыртылған жер (зябь). Бұл сапалы егіс науқанын өткізудің негізі.
Бекітілген құрылымға сәйкес көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 49 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы қажет. Қазіргі таңда 44 мың тонна немесе қажеттіліктің 90%-ы дайындалды. Алдын ала жүргізілген сапа сараптамасы нәтижесінде әзірленген тұқымның 99%-ы жоғары санатқа сәйкес келетіні анықталды. Егіс науқаны басталғанға дейін шаруалар қажетті тұқым материалымен толық қамтамасыз етіледі.
Шамамен 1,5 мың трактор, 100-ден астам жоғары өнімді егіс кешені, 1,4 мың сепкіш және 1,8 мың топырақ өңдеу техникасы жұмылдырылмақ. Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 90%-ды құрайды.
Ақтөбелік фермерлер көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу тетігін белсенді қолдануда. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 2025 жылғы қараша айынан бастап 1,7 млрд теңге көлемінде кредит берілді.
Өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға 2,1 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 400 млн теңге тұқым шаруашылығын дамытуға, 383 млн теңге басым дақылдар өндірісінің өзіндік құнын арзандатуға, 500 млн теңге минералды тыңайтқыштардың құнын төмендетуге, 850 млн теңге пестицидтердің құнын субсидиялауға бағытталған.
Жалпы алғанда, өңірде көктемгі дала жұмыстарына дайындық өз деңгейінде жүргізілуде.