Жаздық дақылдарды қуаңшылықтан сақтандыру бойынша АКК 2026 жылғы маусымға өтінім қабылдауды жалғастыруда

Жаздық дақылдарды қуаңшылықтан сақтандыру бойынша АКК 2026 жылғы маусымға өтінім қабылдауды жалғастыруда

«Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ 2026 жылғы маусымға жаздық дақыл егістерін қуаңшылықтан сақтандыру полистерін субсидиялауға өтінім қабылдауды жалғастыруда. Бағдарлама аясында мемлекет сақтандыру сыйлықақысының 80%-ын субсидиялайды, ал фермер тек 20%-ын төлейді.

Сақтандыру суарылмайтын жерлерге (2 және 3 фазалар) жүргізіледі. Өтінім беру мерзімдері өңірге байланысты.
Мәселен, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстары бойынша, дәнді дақылдар — 2026 жылғы 1 сәуірге дейін; майлы дақылдар — 2026 жылғы 15 сәуірге дейін қабылданады.

Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Жетісу облыстары үшін дәнді және майлы дақылдарды сақтандыруға өтінім қабылдау мерзімі 2026 жылғы 3 наурызға дейін ұзартылды.

Өтінімді Kezekte.kz платформасындағы АӨК сақтандырудың онлайн жүйесі арқылы беруге болады. Жеке кабинетте фермер егіс алқаптарын көрсетіп, сақтандыру компаниясын таңдап, шарт жасасып, сақтандыру сыйлықақысының 20%-ын төлеуі қажет.

Қалған бөлігі мемлекет тарапынан субсидия түрінде сақтандыру компаниясына аударылады.
Бағдарлама ықтимал қуаңшылық жағдайында аграрлық сала өкілдерінің тәуекелдерін азайтуға және жаздық дақылдар өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.