Латвия Қазақстанмен АӨК саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытып отыр

Латвия Қазақстанмен АӨК саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытып отыр

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Латвия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Даце Руткамен кездесті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің өзекті мәселелерін ортаға салды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Латвия арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 51,4 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстан экспортының негізінен рапс тұқымы, күнжара, бидай, мақта талшығы, дәнді және майлы дақылдар бойынша үлесі зор.

Айдарбек Сапаров Латвия Қазақстан үшін сенімді әрі ежелгі серіктес екенін атап өтті. Атап өткеніндей, біздің еліміз аталған мемлекет нарығына экспорт көлемін ұлғайтуға және жеткізілім бағыттарын әртараптандыруға ынталы.

Министрдің айтуынша, аграрлық сектор тұрақты өсім көрсетіп келеді. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,9%-ға артып, 20 млрд АҚШ долларына жетті. Екінші жыл қатарынан 27 млн тонна астық жиналды. Астық экспорты көлемі жыл сайын артуда, сондай-ақ жеткізілімдерді одан әрі арттырудың мүмкіндігі зор.

Кездесуде логистика мәселелеріне ерекше назар аударылды. Латвия Еуропалық одақ және Солтүстік Еуропа нарықтарына шығуды қамтамасыз ететін астық пен майлы дақылдарды сақтау және қайта тиеу саласында стратегиялық серіктес саналады. Балтық бағыты Қазақстанның экспорттық бағыттарын әртараптандырудың маңызды тетігіне айналуда.

2025 жылы Балтық елдері порттары арқылы 802 мың тонна астық экспортталды. Оның 441,2 мың тоннасы Латвияның Рига еркін порты және Лиепая порты арқылы жөнелтілді. «Азық түлік келісімшарт корпорациясы» Лиепая порты арқылы Мароккоға 58 мың тоннадан астам бидай шығарды.

Өз кезегінде Даце Рутка латвиялық тарап үшін негізгі ықпалдастық бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, акваөсіруді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ветеринария саласындағы әріптестік, тәжірибе алмасу, бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы ғылымы мен селекция саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.