А. Сапаров: 2026 жылы мал шаруашылығы АӨК дамуының жаңа драйверіне айналады

А. Сапаров: 2026 жылы мал шаруашылығы АӨК дамуының жаңа драйверіне айналады

2025 жылғы агроөнеркәсіптік кешеннің даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған міндеттерді талқылауға арналған кеңейтілген алқа отырысы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өтті. Алқа жұмысына Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұманов, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының өкілдері, «Атамекен» ҰКП, бірқатар министрліктердің вице-министрлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ министрліктің аумақтық бөлімшелері қатысты. Қатысушылардың жалпы саны — 300-ге жуық.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аграрлық сектордың қатарынан екінші жыл рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, саланың тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдеп отырғанын атап өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9,8 трлн теңгені құрап, 5,9%-ға өсті. Өндірістегі оң динамика сыртқы саудаға да тікелей әсер етті: соңғы 10 жылда
АӨК өнімдерінің экспорты 7 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға артты.

«Агротехнологияларды ауқымды енгізу мен 1 трлн теңге көлеміндегі бұрын-соңды болмаған жеңілдетілген кредиттеу арқасында дәнді, майлы және бұршақты дақылдардан рекордтық өнім алынды.

Қол жеткізілген нәтижелер Мемлекет басшысы айқындаған бағыт пен Үкіметтің қолдауының арқасында мүмкін болды.

2026 жылы дамудың жаңа драйвері мал шаруашылығы болуы тиіс. 300 млрд теңгеден астам қаржыландыру қарастырылған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыру өндірістік тізбектің барлық буындары бойынша арзан кредиттік ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Жеңілдетілген кредиттеу көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру тетіктеріне ұқсас жүзеге асырылатын болады.

«Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков 2015 жылдан бері АӨК-ті қаржыландыру көлемі 6,4 есеге — 2015 жылғы 169 млрд теңгеден 2025 жылы 1 083 млрд теңгеге дейін өскенін хабарлады.

Атап айтқанда, 2025 жылы көктемгі егіс және орақ жұмыстарына 5% мөлшерлемемен 700 млрд теңге бағытталды, қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатына — 100 млрд теңгеден астам, бордақылау алаңдарына — 12 млрд теңге, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға — 269 млрд теңге бөлінді.

Қаржыландырудың жаңа өнімдері енгізілді: қайта өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының айналым қаражатын толықтыру. 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдары үшін 5% мөлшерлемемен, ал асыл тұқымды мал шаруашылығы үшін 6% мөлшерлемемен айналым капиталын қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарлануда.

«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. 2026 жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің 5%-дық өсімін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар азық-түлік өндірісінің 6%-дық өсімі қамтамасыз етіледі. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.