ҚР АШМ 2026 жылы қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр

ҚР АШМ 2026 жылы қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және инвестиция тарту мәселелері агроөнеркәсіптік кешеннің 2025 жылғы даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған міндеттері бойынша өткен кеңейтілген алқа отырысында қаралды.

Алқа жұмысына Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұманов, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының өкілдері, «Атамекен» ҰКП, бірқатар министрліктердің вице-министрлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ министрліктің аумақтық бөлімшелері қатысты. Қатысушылардың жалпы саны — 300-ге жуық.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысы қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөнінде стратегиялық міндет қойғанын атап өтті.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі өнім түрлері (ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш, қарақұмық) бойынша қайта өңдеу үлесі 64%-ға жетті. 2026 жылы 70% межелі көрсеткішіне қол жеткізу міндеті тұр. Азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9 трлн теңгені құрап, 8,1%-ға өсті. Қайта өңделген өнім экспорты 35,3%-ға артып, 3,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіштер жүйелі инвестициялық саясат пен ауқымды жобаларды іске асырудың нәтижесі», — деді министр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы алдағы үш жылда майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша 13 жоба, қуаттылығы 5,8 млн тоннаны құрайтын астықты терең өңдеу бойынша 6 жоба, жалпы қуаттылығы 50 мың тоннаны құрайтын мал шаруашылығы саласында 11 жоба, сондай-ақ қуаттылықты 165 мың тоннаға арттыратын сүтті қайта өңдеу бойынша 12 жоба жүзеге асырылатынын хабарлады.

Саланы ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді. Негізгі құралдарға 2,5%, ал айналым қаражатына 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер енгізілді. Егер 2024 жылы айналым қаражатын толықтыруға 35 млрд теңге бағытталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 96,4 млрд теңгеге жетіп, шамамен 180 кәсіпорын қаржыландырылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша АӨК-тің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 1 643 млрд теңгені құрады (өсім — 146%). Ағымдағы жылы жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге 141 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Халықаралық компаниялардың қатысуымен 10 инвестициялық келісім жасалды, биыл тағы 10 келісімге қол қою жоспарлануда.

Отырыс қорытындысы бойынша Айдарбек Сапаров қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу тек сандық көрсеткіш емес, АӨК-тің орнықты даму моделіне көшуі, ауыл шаруашылығы өндірісінің табыстылығын арттыру және елдің экспорттық әлеуетін кеңейту жөніндегі стратегиялық міндет екенін атап өтті.

«Инвестициялар мен қайта өңдеу — агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі бағыттар. Әрбір бағыт бойынша жұмыс тұрақты бақылауда болады», — деп түйіндеді министр.