
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыруды дамыту мәселелері ҚР АШМ-нің 2025 жылдың қорытындылары мен 2026 жылға арналған міндеттері бойынша кеңейтілген алқа отырысында қаралды.
Алқа жұмысына Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұманов, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының өкілдері, «Атамекен» ҰКП, бірқатар министрліктердің вице-министрлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ министрліктің аумақтық бөлімшелері қатысты. Қатысушылардың жалпы саны — 300-ге жуық.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2026 жылдың Цифрландыру жылы болып жарияланғанын еске салды.
«Министрлік тарапынан АӨК-ті цифрлық трансформациялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді: негізгі ақпараттық жүйелер енгізілді, жасанды интеллект пен «ақылды» ауыл шаруашылығы технологиялары белсенді түрде дамуда. Келесі кезең — барлық шешімдерді бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіру», — деп атап өтті министр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Канафин 2025 жылы цифрландыру саланы басқарудың жүйелі құралына айналғанын, өндірістен бастап экспортқа дейінгі барлық тізбектің ашықтығы мен басқарылуын қамтамасыз еткенін хабарлады.
2027 жылға дейінгі АӨК-ті цифрлық трансформациялау жөніндегі жаңартылған Жол картасы бекітілді. Онда 144 бизнес-процесті цифрландыру көзделген. Топырақты агрохимиялық зерттеу және мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары бойынша реинжиниринг жүргізілді. Жұмыс автоматтандыруға, ақпараттық жүйелерді ықпалдастыруға және деректер сапасын арттыруға бағытталған.
СМАЖ, АШЖБАЖ, ББАЖ, E-Fish жүйелерін жетілдіру жалғасуда. Цифрлық шешімдер субсидиялау, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, жер ресурстары және өсімдік шаруашылығы салаларында енгізілуде. Мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдету үшін мобильді сервистер дамытылуда.
Негізгі жобалардың бірі — тұқымнан бастап өнімді өткізуге дейінгі толық циклді қамтитын өсімдік шаруашылығы өнімдерін қадағалау жүйесі. Жоба Ақмола облысында сынақтан өтіп, 2026 жылы республика бойынша кеңейтіледі. Спутниктік мониторингпен интеграция нақты егіс алқаптарын тіркеуге және субсидиялау кезіндегі артық көрсетулерді болдырмауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер цифрлық платформалар мен жасанды интеллект элементтерін қолдануда. Дәлме-дәл егіншілік технологиялары, малды азықтандыру мен денсаулығын басқару жүйелері 104 сүт-тауарлы фермасында және 30-дан астам бордақылау алаңында енгізілген. 200 смарт-фермадан тұратын пул қалыптастырылды.
Цифрландыру бойынша өңірлік көшбасшылар — Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары және Жетісу облысы. Зиянкестердің таралуын болжау алгоритмдері әзірленіп, «Субсидиялау» және «Ветеринарлық көмекші» чат-боттары енгізілуде.
«2025 жыл берік цифрлық іргетасты қалыптастыру кезеңі болды. 2026 жылдың негізгі міндеті — деректерді шоғырландыру және BI-аналитиканы дамыту арқылы «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін құру. Сондай-ақ шешімдерді ауқымдау мен деректер сапасын арттыруға басымдық беріледі. Цифрландыру қаражаттың ашық бөлінуін қамтамасыз етіп, бүкіл саланың тиімділігін арттырады», — деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.