
Астанада асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және заманауи селекциялық технологияларды енгізу мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық семинар өтті. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығының, ғылыми ұйымдардың өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров іс-шара қатысушыларымен бірге «Асыл Түлік» АҚ республикалық орталығының қызметімен танысты. Орталық отандық және шетелдік селекцияның жоғары өнімді аталықтарын өсірумен және күтіп-бағумен айналысады, ауыл шаруашылығы жануарларын көбейту саласында қызмет көрсетеді, асыл тұқымдық есеп жүргізіп, малға сыныптық бағалау жасайды. Бұл жұмыстар саланың генетикалық әлеуетін арттырудың негізін қалыптастырады.
Асыл тұқымдық-селекциялық жұмысты жетілдіру мәселелері семинар барысында кеңінен талқыланды. Асыл тұқымды мал шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуының негізгі буыны екені атап өтілді. Селекциялық жұмыстың деңгейі өнімділікке, өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне және елдің экспорттық мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді.
Үкімет қабылдаған 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар салаға жүйелі жаңғырту шараларын айқындайды. Басым бағыттардың қатарында мал басының өнімділігін арттыру, берік жемшөп базасын қалыптастыру, жайылым ресурстарын ұтымды пайдалану, үдерістерді цифрландыру, терең өңдеуді дамыту, ветеринариялық қызметті нығайту және эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету қамтылған.
Бизнес пен ғылыми қауымдастық өкілдері етті және сүтті ірі қара шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық шешімдерді ұсынды. Қашық өңірлерде заманауи генетикалық технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ететін жылжымалы қолдан ұрықтандыру бекеттерін құрудың пилоттық бағдарламасы таныстырылды.
«Родина» Агрофирмасының директоры Иван Сауэр жоғары тиімді өндірісті қалыптастырудың табысты тәжірибесімен бөлісті. «Ен-Дала» серіктестігінің өкілдері сүтті мал шаруашылығында заманауи технологияларды енгізу мен жүйелі селекциялық жұмыстың нәтижелерін көрсетті.
Елдің экспорттық әлеуетін нығайту тұрғысынан стратегиялық маңызы бар ет бағытындағы Әулиекөл сиыры тұқымын дамыту перспективаларына және Қазақтың ақбас сиыры тұқымының селекциясын жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Семинар қорытындысы бойынша кешенді жоспардың нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету, қолдан ұрықтандыру пункттерін қолжетімді деңгейде құру және жаңғырту, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді жеделдету сияқты нақты міндеттер айқындалды. «Асыл Түлік» мекемесіне өңірлермен бірлесіп, отандық селекция генетикасын пайдалану негізінде қолдан ұрықтандыру және эмбриондарды трансплантациялау технологияларын кеңінен енгізудің тиімді бизнес-моделін әзірлеу тапсырылды.