Астық пен майлы дақылдарды экспортқа тиеу қарқыны тексерілді

Астық пен майлы дақылдарды экспортқа тиеу қарқыны тексерілді

Қытай Халық Республикасы мен Өзбекстанға экспортталатын астық және майлы дақылдарды тиеу процестерін инспекциялау мақсатында ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері Ақмола облысы Бурабай ауданындағы (Жамантұз ст.) «Kenesaru Agro» ЖШС астық қабылдау пунктіне барды.

Кәсіпорынның экспорттық жеткізілім көлемін арттыруға және келісімшарттық міндеттемелердің тұрақты орындалуын қамтамасыз етуге дайындығына кешенді бағалау жүргізілді. Өнімді тиеу мерзімі мен сапасына әсер ететін өндірістік және логистикалық процестерге ерекше назар аударылды.

Мамандар астық қабылдау пункті қуаттарының экспортты ұлғайтуға дайындығын тексеріп, вагондарды беру мен тиеуден бастап, ілеспе құжаттарды ресімдеуге дейінгі әрбір кезеңнің нақты уақытын өлшеді. Сондай-ақ астықты ҚХР мен Өзбекстанға тасымалдауға дайындау кезінде белгіленген талаптар мен стандарттардың сақталуына мониторинг жүргізілді.

Комитет мәліметінше, инспекциялық жұмыстың мұндай форматы кәсіпорын қызметінің шынайы көрінісін алуға, ықтимал «кедергілерді» анықтауға және оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл экспорттық жеткізілімдердің өсуі және шетелдік серіктестер тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен жеткізу мерзіміне қойылатын талаптардың күшеюі жағдайында өте маңызды.