
Тиливалди Нуруллаевтың тарихы — білім мен еңбекқорлықтың тек сыныпта ғана емес, бау-бақшада да табысқа жетуге мүмкіндік беретінінің айқын мысалы. Бірнеше жыл бұрын ол мектепте математика пәнінен сабақ берсе, бүгінде ата-анасымен бірге Жетісу облысында отбасылық шаруашылықты дамытып келеді.
Бағбандық — оған кездейсоқ таңдалған кәсіп емес. Оның ата-анасы Тұрған мен Зинатбуви өмір бойы жермен еңбек еткен. А. Розыбакиев атындағы мектепті үздік бітірген соң, ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсті. Университетті тәмамдағаннан кейін Алматы қаласында жұмыс істеп, кейін туған Панфилов ауданына оралып, математика пәнінің мұғалімі болды.
Алайда отбасылық шаруашылық тұрақты назарды қажет еткендіктен, Тиливалди бауға қайта оралу туралы шешім қабылдады. Мұнда да ол өз мамандығына адал қалып, еңбекті ұйымдастыруда математикалық тәсілді қолдана бастады.
Бүгінде Нуруллаевтар 4,5 гектар жерді игеріп отыр. Ағаш отырғызу қатаң схема бойынша жүргізілген: әр гектарға 660 көшеттен егілген. Үш гектар алқапта «Айдаред», «Американка», «Голден Делишес» (Золотой превосходный), «Салтанат», «Гала», «Кандиль» сынды танымал сорттардан 2000-ға жуық алма ағашы өсіп тұр. Жарты гектар аумақта «Биг Топ», «Ред Голд», «ПФ-58» сорттарынан 300 түп шабдалы отырғызылған. Сонымен қатар 300 түп өрік және 200 түп қара өрік бар.
Тиливалди бауда барлығы есеппен болуы тиіс деп санайды — отырғызу тығыздығынан бастап, болжамды өнім көлеміне дейін. Сандардағы қателік табыстың төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Қыста отбасы ағаштарды бұтаумен айналысады. Тәжін дұрыс қалыптастыру және бауды жасарту — жаңа маусымға дайындықтың міндетті кезеңдері. Көктемде зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары басталады: маусымына орта есеппен 7-8 рет, ал жауын-шашынды жылдары 11 ретке дейін жүргізіледі.
Жүйелілік пен тәртіп өз нәтижесін беруде. Өткен жылы үш гектардан 30 тонна жеміс жиналды. Өнімнің бір бөлігі қоймаларда сақталса, қалғаны Жаркент қаласының базарларында сатылуда. Атамекеннің жемістері сапасы мен табиғилығы үшін жоғары бағаланады.
«Жоспарымызда — жер көлемін ұлғайту және қарқынды бау-бақша шаруашылығының заманауи технологияларын енгізу. Қуантатыны — агробизнестегі мүмкіндіктерді көріп, жерге қайта оралып жатқан жастардың саны артып келеді. Табыс формуласы қарапайым: білім мен еңбекқорлық. Ал оған туған жерге деген сүйіспеншілікті қоссаңыз, нәтиже көп күттірмейді», — дейді Тиливалди.