
Премьер-министр Олжас Бектенов 10 ақпанда өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
«Кеше Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасының мән-маңызына тоқталды. Өзгерістердің ауқымы мен маңыздылығы, талқылау процесінің ашық жүргізілуі ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Президентіміз атап өткендей, жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түскен. Конституциялық реформаның көздеген мақсаты да осы – ауқымды саяси жаңғырумен қатар, экономиканың сапалы өсу қарқынын арттыра түсуге бағытталып отыр. Яғни, бірінші кезекте, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуге тиіс. Бұл – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру және саланы жеңілдетілген қаржыландыруды кеңейту басты назарда. Ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және қадағалаудың цифрлық құралдарын енгізу бойынша міндеттер өз алдына бөлек белгіленген. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде 2026 жылдан бастап инвестициялық субсидиялардың өсуі мен ҚҚС-тың төмендеуін, сондай-ақ шикізатты қайта өңдеу мен терең өңдеу бойынша жаңа жобаларды іске қосуды қоса алғанда, қосымша ынталандырулар көзделген.
Жиын қорытындысында Премьер-министр Президент айқындап берген міндеттердің барлығы халық пен бизнеске нақты пайда әкелуді көздейтінін және олардың іс жүзінде орындалуы қажет екенін атап өтті. Бірқатар тапсырма берілді.
Ауыл шаруашылығы мен Сауда және интеграция министрліктері бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп бір ай мерзімде қолданыстағы тәсілдерді қайта қарап, ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен қамту және экспорттық әлеуетті нығайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлесін. Өндірістен дайын өнімді сатуға дейінгі тиімді әрі ашық тізбекті құрсын.
Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті жерлерде және шекарада бақылауды күшейте отырып, ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз етсін. Осы жылдың 15 сәуіріне дейін Үкіметке ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарының жобасы енгізілсін.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп осы жылдың 1 маусымына дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы тиісті заң жобасын әзірлесін және Үкіметке енгізсін.
Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін мемлекеттік қолдау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін субсидия алушылардың тиісті талаптарды орындауын қадағалауға мүмкіндік беретін АӨК саласындағы ақпараттық жүйенің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етсін.
«Көріп отырғанымыздай, алдымызда тұрған мақсат-міндеттердің ауқымы өте үлкен. Мемлекет басшысы атап өткендей ойланып-толғануға уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Тағы да қайталап айтамын, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – атқарылатын жұмыстың нақты нәтижесі болуға тиіс. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президент тапсырмаларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.