
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов мәлімдеді.
Брифинг барысында 2025 жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару және оларды қайта бөлу жұмыстарының нәтижелері шығарылды.
Атқарылып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, пайдаланылмай жатқан және заңбұзушылықтармен берілген жерлерді алып қоюға, оларды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жергілікті халықтың қажеттіліктері үшін жайылымдарды басым тәртіппен ұсынуға бағытталғаны атап өтілді.
Жүйелі бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылғы қыркүйектен бастап ауыл халқының қажеттіліктері үшін жерлерді қайта бөлу және жер ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық бақылау комиссиясы жұмыс істейді. 2025 жылы комиссияның үш отырысы өткізілді.
«Басым бағыттардың бірі – адал жер пайдаланушылардың құқықтарын қорғау. Президенттің тапсырмасына сәйкес жұмыс тобы құрылды, арнайы комиссиялардың жұмыс регламентіне өзгерістер енгізілді. Жер пайдаланушылардың адалдығын бағалау жүйесі енгізіліп, қатысушылардың функционалы нақтыланды және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың нақты мерзімдері белгіленді. Бұл өтініштерді қарау мерзімін жеделдетіп, фермерлердің құқықтарын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді», – деді спикер.
Жерлердің тозуына қарсы күрес аясында 2025 жылы жердің құнарлылығын сақтау және қалпына келтіруге бағытталған «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын әзірлеу басталды. Сондай-ақ Комитетке қарасты ұйымдардың өзара іс-қимыл алгоритмі бекітіліп, жер заңнамасын бұзу фактілеріне жедел ден қою қамтамасыз етілді.
Жер ресурстарының Бірыңғай цифрлық платформасын құруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл платформа кадастрлық деректерді, далалық зерттеулердің нәтижелерін және Жерді қашықтан зондтау материалдарын біріктіреді.
2025 жылы 6,6 млн гектар аумақта топырақтық зерттеулер, 7,5 млн гектарда геоботаникалық зерттеулер жүргізілді, жалпы іздестіру көлемі 29 млн гектардан асты. 2026 жылғы қаңтарда бірыңғай топырақ кластерлік қызметін қалыптастыру аяқталды.
Жер беру рәсімдерін жеңілдету мақсатында 2025 жылғы тамызда уақытша жер пайдалану құқығына конкурс өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар инвестициялардың болуына, ауыл шаруашылығы техникасына, білікті мамандарға және агроөндірісті дамытуға бағытталған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлері бекітілді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Комитеттің аумақтық бөлімшелері 2,4 млн гектар аумақта 2053 жоспардан тыс тексеру жүргізді. 2 млн гектар жерді қайтару жөніндегі республикалық жоспар артығымен орындалып, 2,1 млн гектар жер қайтарылды, оның ішінде 1,05 млн гектары ірі жер пайдаланушылардан алынды. Жұмыс құқық қорғау органдарымен, қоғам өкілдерімен және «AMANAT» партиясымен тығыз өзара іс-қимылда жүргізілді.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2022 жылдан бері қайтарылған жерлердің 8,5 млн гектары қайта бөлінді. Оның 2,8 млн гектары жергілікті халықтың мал жаюына берілді, ал 5,7 млн гектары конкурс негізінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ұсынылды. 2026 жылдың ортасына дейін қалған 5,1 млн гектарды тұрақты ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарланып отыр.
Қорытындылай келе, Мұрат Теміржанов жерлерді қайтару және қайта бөлу жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмаларына қатаң сәйкес жалғасатынын және ел азаматтарының мүддесі үшін әділ әрі тиімді жер пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталатынын атап өтті.