
Қазақстанның Gulfood 2026 халықаралық тамақ өнеркәсібі және сусындар көрмесіне қатысу аясында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік саладағы ірі халықаралық және өңірлік компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді.
Lulu Group International компаниясының негізін қалаушы Юсуф Алимен кездесуде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, агроөнеркәсіпке инвестиция тарту, өңдеу өндірістерін дамыту және ұзақ мерзімді серіктестік қатынастар орнату мәселелері талқыланды.
Solico Group компаниясының басқарма төрағасы Голам-Али Солейманиімен кездесуде Қонаев қаласында ірімшік шығаратын зауыттың құрылысын іске асыру жобасының барысы талқыланды. Жоба аясында кілегейлі ірімшік, фета, моцарелла және басқа да түрлі өнім түрлері шығарылады. Жобаланған өндірістік қуаттылық күніне 155 тонна дайын өнімді құрайды, ал барлық кезеңдерді іске асыруға арналған жалпы инвестиция көлемі шамамен 180 млн АҚШ долларын құрайды.
Сонымен қатар министр Solico Group компаниясына қарасты SoFood ет өнімдерін шығаратын зауыттың қызметімен танысты. Кәсіпорын күніне 40 тоннаға дейін 10-нан астам ет өнімін өндіреді.
Жұмыс сапарының іскерлік бағдарламасы Al Ghurair Group компаниясының басқарма төрағасы Джамал Маджид Аль Гурейр мырзамен кездесумен қорытындыланды. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері мен перспективалары, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобалары талқыланды.