Айдарбек Сапаров Ресеймен АӨК саласындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады

Айдарбек Сапаров Ресеймен АӨК саласындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады

Азық-түлік өнеркәсібі мен сусындарға арналған халықаралық Gulfood 2026 көрмесі аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лутпен жұмыс кездесуін өткізді.

Тараптар агроөнеркәсіптік кешендегі ғылыми-технологиялық өзара іс-қимылды тереңдетудің маңыздылығына тоқталып, селекция және тұқым шаруашылығы саласында, сондай-ақ заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдерді қолдана отырып, Қазақстанда тауарлы мал шаруашылығын дамыту бағытында бірлескен жобаларды іске асырудың әлеуетінің жоғары екенін айтты.

Келіссөздер барысында Ресей Федерациясы Қазақстанның аграрлық саладағы негізгі серіктестерінің бірі болып қала беретіні айтылды. Осы бағытта тараптар тұрақты түрде диалог жүргізіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды, соның ішінде ғылыми әзірлемелермен алмасу, селекциялық базаны дамыту және мал шаруашылығына озық тәжірибелерді енгізу жұмыстарын жүзеге асырып келеді.

Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты өсуінің негізгі факторлары ретінде мелиорацияны дамыту, кадрлар даярлау және аграрлық білім беру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесу нәтижесінде министр Қазақстан басым бағыттар бойынша өзара тиімділік пен технологиялық әріптестік негізінде Ресеймен ынтымақтастықты одан әрі жүйелі нығайтуға дайын екенін жеткізді.