ҚР АШМ мен БҰҰДБ ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықты нығайтуда

ҚР АШМ мен БҰҰДБ ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықты нығайтуда

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) тұрақты өкілі Катаржина Вавьернинамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға және экожүйелерді сақтауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асырудың ағымдағы жай-күйі мен болашағын талқылады.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы БҰҰДБ Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен серіктестікте БҰҰДБ–ҒЭҚ «Солтүстік Қазақстан ландшафттарының экожүйелерін сақтау және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жүйесін ілгерілету» жобасын жүзеге асыруда.

Жоба жер ресурстарын басқарудың тиімді технологияларын және табиғатты қорғау тәсілдерін кең ауқымда енгізуге, сондай-ақ «жасыл» өндірістік-өткізу тізбектерін дамытуға жәрдемдесуге бағытталған. Бұл шаралар өнімді ауыл шаруашылығы алқаптарының тозуын төмендетуге және Солтүстік Қазақстанның құнды экожүйелерін сақтауға мүмкіндік береді.

Жоба аясында жерді тұрақты пайдалану тәсілдері мен тәжірибелерін, сондай-ақ ландшафт деңгейінде экожүйелерді басқару әдістерін сынақтан өткізу және пилоттық енгізу жоспарлануда.

Алынған нәтижелер ұлттық және облыстық деңгейлерде шешім қабылдау процесінде пайдаланылып, аграрлық даму және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін білдіріп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жобаларды белсенді іске асыруға уағдаласты.