Қазақстан Пәкістанмен аграрлық ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан Пәкістанмен аграрлық ынтымақтастықты кеңейтуде

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Берлин қаласында өтіп жатқан Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі 18-ші Жаһандық форум (Global Forum for Food and Agriculture, GFFA) аясында ұйымдастырылған Ауыл шаруашылығы министрлерінің халықаралық конференциясына қатысуда.

Форум аясында Азат Сұлтанов бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі және зерттеулер жөніндегі федералды министрі Рана Танвир Хуссейнмен, сондай-ақ CLAAS компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Михаэль Байермен кездесті.

Рана Танвир Хуссейнмен өткен кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Пәкістан арасындағы екіжақты қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі екені атап өтілді. Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі — агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің өзара тиімді саудасын дамыту.

2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 5%-ға артты. Қазіргі уақытта Қазақстан Пәкістанға негізінен кептірілген бұршақ тұқымдас дақылдарды, зығыр тұқымын, қарақұмықты, сұлыны және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын арттыру және әртараптандыру үшін әлеуетіміз жоғары. Біз дәнді-бұршақ және майлы дақылдар, кондитерлік және ұн өнімдері, қой және сиыр еті, ет өнімдері, сондай-ақ өсімдік майы экспортының көлемін ұлғайтуға мүдделіміз», — деді вице-министр.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы қазақстан-пәкістандық Жұмыс тобының табысты қызмет атқарып отырғаны атап өтілді. Аталған алаң аясында бүгінгі күнге дейін екі отырыс өткізілген.

Екінші отырыс барысында тараптар Пәкістан нарығына астық экспорттау мүмкіндіктерін талқылады. Пәкістанда 2025/26 маркетингтік жылы бидай импорты 1,5 млн тоннаға дейін өседі деген болжамды ескере отырып, тараптар бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Кездесу қорытындысында Азат Сұлтанов қол жеткізілген келісімдер аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және өзара сауданы кеңейтуге қосымша серпін береді деген сенім білдірді.

Сонымен қатар вице-министр халықаралық Grüne Woche агроөнеркәсіптік көрмесінің ашылу рәсіміне және Munich Security Conference аясында өткен жоғары деңгейдегі панельдік сессияға қатысты.