Премьер-министр Алматы облысындағы бірқатар кәсіпорынды аралады және тартылған инвестициялардың көлемімен танысты

Премьер-министр Алматы облысындағы бірқатар кәсіпорынды аралады және тартылған инвестициялардың көлемімен танысты

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысына жұмыс сапары барысында Президент белгілеген экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіп өндірісі көлемін ұлғайту, терең өңдеу үлесін арттыру және экономиканың басым салаларына инвестициялар тарту жөніндегі мақсаттарға сай келетін бірқатар инвестициялық және өнеркәсіптік жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Өңірдің негізгі кәсіпорындарының қатарында тамақ өнімдерін өндіру бойынша жүйе құраушы болып саналатын «Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясы бар. Кәсіпорынның қазіргі таңдағы қуаттылығы жылына 160 мың тонна дайын өнімді құрайды, экспорт көлемі – 20 мың тоннадан асады. 2015 жылдан бастап өндіріске 35 млрд теңге инвестицияланды, 700-ге жуық жұмыс орны ашылды, қызметкерлердің 95%-ы – жергілікті тұрғындар. 2026 жылы компания жаңа өндірістік желіге қосымша 4,5 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Бұл өндірістік қуатты 170 мың тоннаға дейін, ал қызметкерлер санын 780 адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал жалпы 2030 жылға дейін «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС өндірісті кеңейтуге тағы 21 млрд теңге инвестиция салуға ниетті. Нәтижесінде 1 мыңға дейін жұмыс орнын ашу жоспарлануда, бұл жергілікті экономиканың дамуына және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін болады.

Сапар барысында агроөңдеуді дамытуға көңіл бөлінді. Премьер-министр «Қапшағай бидай өнімдері» зауытының базасында агроөнеркәсіптік кластердің қызметімен танысты, онда жаңғырту нәтижесінде ұн, өсімдік майы және мал азығын өндіру бойынша 1 млн тоннадан астам қуаттылық қалыптасты. Инвестиция көлемі 12 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын тек жергілікті шикізат базасын пайдаланады және экспортқа бағдарланған: бір жарым айда шамамен 110 мың тонна өнім өндірілді, оның 98%-ы ҚХР нарығына, өнімдер ҚХР нарығына, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізілді, өткен жылы алғаш рет қазақстандық астықты Вьетнамға жөнелту жүзеге асырылды. Ендігі жоспар – өндірістік қуатты екі есеге арттыру.

Жобаны жүзеге асыру Алматы облысының экспорттық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосып, астық экспортының көлемін 10%-дан астам ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Кәсіпорындарды аралау қорытындысында Премьер-министр қайта өңдеу өндірістерін, логистиканы және қосылған құны жоғары өнім экспортын дамытудың басымдығын атап өтті, сондай-ақ салалық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігіне тұрақты жұмыс істеу және кәсіпорындарды одан әрі кеңейту үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді тапсырды.