
«AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық мәселелер жөніндегі Республикалық кеңестің отырысында 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының жобасы қаралды. Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, Кеңес мүшелері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік тарапынан Кешенді жоспарды әзірлеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
Құжатты қалыптастыру барысында тікелей субсидиялаудан жеңілдетілген кредиттеу құралдарына көшуге басымдық берілді. Саланы қолжетімді қаржы ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар басым тәртіппен қолдауға ие болды. Аталған құралдардың тиімділігі «Даму» қорының кепілдігімен жылдық 5% мөлшерлеме бойынша іске асырылып жатқан «Кең дала» бағдарламасы аясында дәлелденді.
Бірқатар негізгі бағыттарды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы жалғасын табады. Осы бағдарлама аясында жалпы қуаттылығы шамамен 342 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін 54 тауарлы-сүт фермасы салынды. Тағы 46 жоба іске асыру сатысында және 2026–2027 жылдары аяқталады. Жалпы алғанда, бұл жобалар сүт өндірісін 600 мың тоннаға ұлғайтып, елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құс шаруашылығы саласында жылына 15 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы үш құс фабрикасының құрылысы қаржыландырылды. 2028 жылға қарай аталған өнім түрі бойынша 100% өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында етті мал шаруашылығында австралиялық тәжірибені енгізу бойынша алты жоба іске асырылуда. Бұл экспорт көлемін 50 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Биыл Түркістан облысында «Қайып Ата» ЖШС ет кластері толыққанды іске қосылады.
Асыл тұқымды және отарлы (көшпелі) мал шаруашылығын дамытуға, өнімді қайта өңдеуге, сондай-ақ инвестициялық және айналым қаражатына арналған жеңілдетілген кредиттік бағдарламаларды іске қосуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кадрлық қамтамасыз ету, сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту мәселелері де басты назарда.
Жалпы ұсынылған тәсілдер мал шаруашылығы саласын кешенді дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту және экспорттық әлеуетті кеңейту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Кеңес мүшелерінің өзекті сұрақтарына тиісті түсіндірмелер берілді.