
«Аквашаруашылық туралы» заңды іске асыру аясында балық өндірушілердің шығындарын азайтуға, инвестиция тартуға және саланың тұрақтылығын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа кешенді шаралары қалыптастырылды.
Бүгінде аквашаруашылық субъектілерін мемлекеттік қолдау субсидиялаудың үш негізгі бағытын қамтиды. Бірінші бағыт - аквашаруашылық саласындағы инвестициялық салымдар кезінде жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу. Екінші бағыт - өнімінің сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға арналған субсидиялар. Үшінші бағыт - су беру қызметтерінің құнын субсидиялау.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі - инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларының жаңартылуы болды. Алғаш рет қарсы міндеттеме енгізілді: субсидия алушылар мемлекеттік қолдауды алғаннан кейін кемінде бес жыл бойы аквашаруашылық саласындағы қызметін жалғастыруға міндетті. Бұл шешім бюджет қаражатының ұзақ мерзімді тиімділігін қамтамасыз етуге және қолдау шараларын формалды пайдаланудың алдын алуға бағытталған.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, инвестициялық шығындардың өтемақысы бірқатар басым бағыттар бойынша 25% мөлшерінде жүзеге асырылады. Олардың қатарында қуаттылығы сағатына кемінде бір тонна болатын аквашаруашылық нысандарына арналған жем өндіретін зауыттар мен цехтарды құру және кеңейту, жылына 25 тоннадан бастап өнім өндіретін тоған шаруашылықтарын дамыту, сондай-ақ дәл осындай қуаттылықтағы бассейндер мен тұйық су айналымы қондырғыларын қолданатын индустриялық шаруашылықтарды дамыту бар.
Мемлекеттік қолдау сондай-ақ жылына 50 тоннадан бастап қуаттылығы бар балық шаруашылығы су айдындарындағы торлы акваөсіруді дамытуға, аумағы кемінде 50 гектар болатын су айдындарында көл-тауарлы балық өсіруге арналған жабдықтар мен техниканы сатып алуға, тәулігіне кемінде бір тонна өнім өндіретін балық өңдеу нысандарын құру және кеңейтуге, сондай-ақ белгіленген қуаттылықтағы балық шабағын өндіретін қайта өндіру шаруашылықтарын дамытуға да таралады.
Су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. № 8 «Жылына 25 тоннадан бастап акваөсіру нысандарын өсіретін акваөсіру субъектілерін, сондай-ақ акваөсіруді дамытуға ықпал ететін субъектілерді сумен қамтамасыз ету» паспорты шеңберінде өтемақы мөлшері ұлғайтылып, нақты шығындардың 50%-ын құрайды.
Аквашаруашылық өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бағытында да елеулі өзгерістер енгізілді. Жемшөпті, балық отырғызу материалын және жөндеу-аналық табынды сатып алу кезінде берілетін субсидиялардың шекті мөлшерлері қайта қаралды. Сонымен қатар бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау талаптары күшейтілді. Шаруашылықтарға көшпелі тексерулер жүргізу, міндетті фото және бейнетіркеу, сондай-ақ ветеринариялық құжаттарды ұсыну енгізілді.
Осы бағыт аясында акваөсіру нысандарын өсіруде пайдаланылатын жемшөпті сатып алуға жұмсалған шығындардың 30%-ы, балық отырғызу материалын, биологиялық негіздеме әзірлеуді, мамандандырылған дәрілік препараттарды, сондай-ақ аналық балық үйірін сатып алу және оларды күтіп-ұстау шығыстарының 50% өтеледі.
Сонымен қатар, аквашаруашылық субъектілеріне мемлекеттік қолдау ретінде жаңадан су беру қызметтерінің құнын субсидиялау енгізілді. Мемлекеттік қолдау мөлшері дифференциалды түрде айқындалып, су беру тәсіліне қарамастан, қосылған құн салығын есепке алмағанда тарифтің 60-85%-ын құрайды. Бұл, әсіресе, су ресурстары шектеулі өңірлерде орналасқан шаруашылықтар үшін маңызды.
Жалпы алғанда, қабылданған шаралар акваөсіру өнімінің өзіндік құнын төмендетуге, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және балық шаруашылығын одан әрі дамытудың берік негізін қалыптастыруға бағытталған. Жаңа субсидиялау тетіктері өндіріс көлемін ұлғайтуға, өнім сапасын жақсартуға және Қазақстанның ішкі әрі сыртқы балық өнімдері нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.