
Биылғы жылы ұлттық астық операторы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді форвардтық келісімшарттар арқылы қаржыландыруға 30 млрд теңге бөлді. Нәтижесінде фермерлер қауымдастығы арасында ең сұранысқа ие мемлекеттік бағдарлама аясында 194 шаруашылық қаржылай қолдау алды.
2025 жылғы 19 желтоқсанда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына алдын ала төлем шарттарымен ерте қаржыландыруға аграршылардан өтінім қабылдауды бастады. Бұл мақсаттарға шамамен 40 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Мемлекеттік қолдау шарасы шағын және орта фермерлерге де, ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындарға да қолданылады.
Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы аясында жоғары маржиналды дақылдар өндірісін ынталандыруға басымдық сақталады. Жаңа аграрлық маусымда жүгері өсіруге маманданған шаруашылықтарды алдын-ала қаржыландыру көзделген. Жалпы, ұлттық оператор бидай, арпа, күнбағыс, майлы зығыр тұқымы және рапс өндірісін алдын-ала қаржыландыруды жүзеге асырады.
Сонымен қатар, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы «Солтүстік Қазақстан ландшафты экожүйелерін сақтау және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жүйесін ілгерілету» жобасы аясында қызыл жасымықты ұзақ мерзімді форвардтық қаржыландыруды іске қосты. Қазақстан Орталық Азияда осы бағдарламаға қосылған алғашқы ел болды.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының фермерлері «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» жасымық жеткізуге арналған үш жылдық келісімшарттар жасайды деп болжануда. Бағдарламаға қатысудың міндетті шарты — заманауи агротехнологияларды қолдану және ғылыми ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес егіс айналымын сақтау.
Жоба өнімділікті арттыруға, топырақ құнарлылығын сақтауға және аванстық қаржыландыру тетігі арқылы аграршылардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Фермерлер қауымдастығы арасында сұранысқа ие тағы бір қаржылық құрал — дәнді және майлы дақылдарды тікелей сатып алу. Интервенциялық механизм аграршыларға ауыл шаруашылығы өнімін әділ бағамен өткізуге мүмкіндік береді.
Биыл ұлттық оператор бидай мен арпадан бөлек, күнбағыс, майлы зығыр және қарақұмықты қабылдауды жүзеге асыруда.