Азық-түлік келісімшарт корпорациясы агроэкспортты ұлғайтып, астық жеткізу аумағын кеңейтті

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы агроэкспортты ұлғайтып, астық жеткізу аумағын кеңейтті

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 2024–2025 маркетингтік жылдың қорытындысы бойынша рекордтық көлемде 1,3 миллион тонна астық өткізді. Бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда төрт есе көп және соңғы он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш саналады.
Ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты астық жеткізу бағыттарының кеңеюі мен жаңа көлік-тасымал тетіктерінің қолданылуы нәтижесінде артты.

Астық шетелдік серіктестерге тікелей де, сондай-ақ делдалдар арқылы да жөнелтілді. Оның ішінде фермерлердің сыртқы нарықтарға шығуын жеңілдететін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық партияларын біріктіру бағдарламасы аясындағы жеткізілімдер бар.

Сонымен қатар ұлттық оператор үшін ішкі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала берді. Ең алдымен астық отандық ұн өндіруші кәсіпорындарға, мал және құс шаруашылықтарына, сондай-ақ өңдеу зауыттарына жеткізілді.і

Қазақстаннан экспортталған астықтың жалпы көлемінде корпорацияның үлесі 8,9 пайызды құрады. Бұл компанияның стратегиялық маңызы бар ұлттық жеткізуші ретіндегі мәртебесін айқындайды. Аталған кезеңде астық әлемнің 12 еліне жөнелтілді. Дәстүрлі өткізу нарықтары қатарында Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Қытай бар. Экспорттың негізгі өнімі үшінші сыныпты азық-түліктік бидай болды.

Сонымен бірге жаңа экспорттық бағыттар игерілді. Марокко, Алжир, Мысыр және Вьетнам елдеріне 143 мың тоннадан астам астық жөнелтілді. Иран, Әзербайжан және Грузия бағытындағы жеткізілім көлемі 62 мың тоннаны құрап, Қазақстанның осы нарықтардағы қатысуын қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін жаңа көлік дәлізі бойынша алғаш рет Арменияға сынамалық астық партиясы жіберілді.

Маңызды жетістіктердің бірі күрделі көп құрамды тасымал бағыттарының игерілуі болды. Марокко мен Вьетнамға астық жеткізу барысында теміржол арқылы теңіз порттарына контейнерлік тасымалдар ұйымдастырылып, одан әрі теңіз кемелеріне қайта тиелді.

Экспорт көлемінің артуына көлік шығындарын мемлекет тарапынан өтеу шаралары да оң әсерін тигізді. Бұл жеткізілімдердің тиімділігін арттырып, ішкі нарықтағы астық бағасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өңдеуші кәсіпорындар үшін экспорттық партияларды біріктіру бағдарламасы баламалы құрал ретінде қолданылады.

Аталған бағдарлама аясында ұлттық оператор фермерлер мен агроөнеркәсіп кәсіпорындарына «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетіп, шетел нарықтарына шығуды және ірі шетелдік сатып алушылармен тікелей келісімдер жасасуды ұйымдастырады. Екі жылға жетпейтін уақыт ішінде жалпы құны 49,8 миллион АҚШ долларын құрайтын 11 экспорттық келісім жасалды. Одан түскен қаражат толықтай ауыл шаруашылығы өндірушілері мен саудагерлерге тікелей аударылады.

Экспорттық партияларды біріктіру тетігі арқылы отандық өндірушілер астық өнімдерін, күнбағыс майын және мал азығына арналған ұнды, соның ішінде Қытай нарығына жеткізуде. Атап айтқанда, корпорацияның қолдауымен Шығыс Қазақстан облысындағы «Алтын Шығыс» зауыты Қытайдың мемлекеттік астық компаниясына 10 мың тонна күнбағыс майын жөнелтті. Сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындар Қытай еліне 9 мың тоннадан астам мал азығына арналған ұн экспорттады.