2025 жылдың 11 айында еттің барлық түрінен 1 млн тоннадан астам өнім өндірілді

2025 жылдың 11 айында еттің барлық түрінен 1 млн тоннадан астам өнім өндірілді

Мал шаруашылығы саласында басым бағыттар бойынша нәтиже жоғары және тұрақты өсім бар. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны да, өндірілген өнім көлемі де оң қарқынға ие.

Атап айтқанда, ірі қара мал саны 2,7%-ға артып, 8,3 млн басқа жетті. Бұл ретте төл саны 2,8 млн бұзауды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға өсті. Жылқы саны 6,9%-ға көбейіп, 4,4 млн басқа жетті, төл саны — 1 млн құлын (өсім 8,8%). Түйе саны 6,3%-ға артып, 300 мың басты құрады, ал төл саны 53,8 мың ботаға жетіп, 5,9%-ға өсті.
Құс саны 8,8%-ға артып, 48,5 млн басқа жетті. Қой саны 19,6 млн басты құрады, қозы саны 7,7 млн жетіп, 5%-ға өсті.

Есепті кезеңде ел бойынша еттің барлық түрінен 1 021,6 мың тонна өнім өндірілді, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 3%-ға жоғары. Атап айтқанда, сиыр еті — 358,8 мың тонна (2024 жылы — 351,4 мың тонна), қой еті — 111,8 мың тонна (109,1 мың тонна), жылқы еті — 146,8 мың тонна (140 мың тонна), құс еті — 337,1 мың тонна (326,3 мың тонна) және басқа да өнімдер өндірілді.

Мал шаруашылығының өзге де өнімдері бойынша жетістік бар. Сүт өндірісінің көлемі 3 491 мың тоннаны құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артты (3 324 мың тонна). Жұмыртқа өндірісі 4 156,7 млн данаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,5%-ға өсті (4 097 млн дана).

Мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 103,5%-ды құрады, ал өндірілген өнімнің ақшалай көлемі 3,3 трлн теңгеге жетті. Бұл тұрақты дамудың және ел экономикасына үлестің жарқын көрсеткіші.