ФАО KazAgroOrganic технопаркімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді

ФАО KazAgroOrganic технопаркімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде университет қызметкерлері мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мамандары кездесті.
Тараптар органикалық ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады.

Профессор Гүлназым Оспангүлова аталған университет базасында жұмыс істейтін KazAgroOrganic технопаркі қызметінің нәтижелеріне тоқталды.
«Технопарк — бұл заманауи инновациялық платформа, ол озық агротехнологияларды енгізуге, тұрақты органикалық өндірісті дамытуға және Қазақстанның аграрлық саласы үшін ғылыми-тәжірибелік базаны қалыптастыруға бағытталған», — деді ол.

Сұхбат барысында тұрақты органикалық өндіріс мәселелеріне, сондай-ақ елдегі органикалық өнім нарығын қалыптастыруға және кеңейтуге ерекше назар аударылды.

ФАО мамандары өз ұсыныстарын таныстырып, технопаркпен ықтимал өзара әрекеттесу бағыттарын айтып, бұл алаңның бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін үлкен әлеуетке ие екеніне тоқталды.
Атап өтілгендей, ФАО мен KazAgroOrganic арасындағы ынтымақтастық Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық басымдықтарын ескере отырып, тиімді әрі өзара пайдалы сипатқа ие болуы мүмкін.

Басым бағыттар ретінде техникалық және эксперттік қолдау көрсету, органикалық өнімді сертификаттау және бақылау жүйелерін әзірлеу, нормативтік-құқықтық базаны дамытуға көмек көрсету, ұлттық стандарттарды халықаралық талаптарға, соның ішінде Еуропалық Одақ стандарттарына сәйкестендіру айтылды.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар фермерлер мен аграрлық сала мамандары үшін оқыту шаралары, тренингтер мен білім беру бағдарламаларын өткізу арқылы кадрлық әлеуетті дамыту, тұрақты органикалық өндіріс, топырақ күйін мониторингтеу, жерді тозудан және тұзданудан қорғау, сондай-ақ экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу саласында бірлескен ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Ынтымақтастықтың жеке бағыты органикалық өнімнің қосылған құнын арттыру және қайта өңдеу технологияларын дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру, сондай-ақ ФАО-ның эксперттік және коммуникациялық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қазақстандық органикалық өнімді өңірлік және халықаралық нарықтарда ілгерілету.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар KazAgroOrganic-ті Қазақстандағы органикалық ауыл шаруашылығын дамыту орталығы ретінде нығайтуға және саланың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған серіктестікті одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.