
Светлана Юрьевна Орехова өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын, нақты айтқанда 46 жылын аграрлық салаға арнаған білікті маман. Оның жиырма жылдан астам еңбек жолы Ақмола облысы Жарқайың ауданындағы «Жер-1» серіктестігіндегі бас агроном қызметімен тығыз байланысты.
Светлана Орехова еңбек жолын 1978 жылы Арқалық ауданына қарасты «Целинный» кеңшарында бастады. Ауыл шаруашылығы техникумын енді аяқтаған жас маман жауапкершілігімен, кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілігімен және білімге құштарлығымен көзге түсті.
1991 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша тәмамдап, жоғары білім алды.
2000-жылдардың басында Светлана Юрьевна «Жер-1» ЖШС-нің агрономиялық қызметін басқаруға белсене кірісті. Іскерлігінің арқасында серіктестік өңірдегі тұқым шаруашылығы саласының алдыңғы қатарлы кәсіпорындарының біріне айналды. Мұнда алғашқылардың бірі болып жақсартылған әрі аудандастырылған бидай сорттары, сондай-ақ зығыр, қарақұмық және күнбағыс дақылдарының жаңа түрлері өндіріске енгізілді. Бұл егістік өнімділігін арттырып, дақылдардың төзімділігі мен тұқым сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде «Жер-1» шаруашылығының өнімі тек Жарқайың ауданында ғана емес, одан тыс өңірлерде де кеңінен сұранысқа ие. Мұнда өндірілген тұқымдарды көршілес аймақтардың диқандары да пайдаланып келеді. Бұл жолда ғылыми мекемелермен арадағы іскерлік байланыс ерекше рөл атқарды. Светлана Орехова ұзақ жылдар бойы А. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен және Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясымен бірлесе жұмыс істеп келеді.
Ғылыми негізделген ұсынымдар мен заманауи агротехнологияларды енгізудің нәтижесінде шаруашылық жыл сайын 3 мың тоннаға дейін жоғары сапалы тұқым өндіреді.
Осыдан жеті жыл бұрын зейнеткерлік жасқа келгеніне қарамастан, Светлана Юрьевна сүйікті ісінен қол үзген жоқ. Ол әлі күнге дейін егіс алқабында еңбек етіп, жас агрономдарға өз тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар беруде. Еңбекқорлығы, талапшылдығы және мамандығына деген адалдығы үшін әріптестері оны құрметпен «темір ханым» деп атайды.
Өзі де әрдайым: «Дала жұмысы жай ғана кәсіп емес, бұл — жан қалауы. Мен бала кезімнен-ақ егістікпен, өніммен етене болуды армандадым. Әрбір маусым — жаңа тыныс, жаңа үміт», — деуден танбайды.
Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан зор үлесі мен көпжылдық адал еңбегі үшін Светлана Юрьевна «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Бүгінде оның есімі кәсіби шеберліктің, таңдаған мамандығына беріктіктің және диқан еңбегіне деген шынайы құрметтің символына айналды. Светлана Орехованың еңбек жолы — мамандық пен туған жерге деген сүйіспеншілік ел игілігіне айналатындығының жарқын дәлелі.