Ақтөбе облысында Қазақстандағы алғашқы тоқыма емес материалдар және жүн өңдеу зауыты іске қосылды

Ақтөбе облысында Қазақстандағы алғашқы тоқыма емес материалдар және жүн өңдеу зауыты іске қосылды

Аймақта «KazFeltec» ЖШС-нің алғашқы ірі тоқыма емес материалдар және жүн өңдеу зауытының құрылысы аяқталды.

Кәсіпорын жылына 2,2 мың тонна дайын өнім шығара алады, ал жалпы жүн өңдеу қуаты 3,5 мың тоннаны құрайды. Жобаның инвестиция көлемі 5,3 млрд теңге.

Зауыт Индустрияландырудың Бірыңғай картасына енгізілген, бұл оның ұлттық экономика үшін стратегиялық маңыздылығын көрсетеді. Жобаны іске асыру кезінде мемлекет инвестициялық субсидия арқылы техника мен жабдық сатып алу құнын 30%-ға дейін төмендетуге мүмкіндігіне жол ашты.

Кәсіпорында италиялық CORMATEX компаниясының заманауи жабдықтары орнатылған. Әртүрлі сипаттағы жүндерді қабылдау бойынша ішкі ережелер әзірленіп, іске қосу және сынау жұмыстары сәтті аяқталды.
Зауыттың негізгі өнімі — табиғи қой жүнінен жасалған тоқыма емес материалдар. Бұл өнімді кең көлемде, яғни, құрылысқа арналған жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар, жиһазға арналған төсемдер, матрастар, ватник көрпелер, кілем астары, интерьер және жиһаз толтырғыштары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған тыңайтқыштар бағытында қолдануға болады.

Құрылыс саласында зауыт өнімдері сыртқы қабырғаларды, шатырларды және басқа құрылыс бөліктерін оқшаулауда минералды ватаның экологиялық баламасы бола алады.

Әсіресе, табиғи қой жүнінен жасалған жылу және дыбыс оқшаулағыш плиталар мен орамалар, азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс саласында жоғары сұранысқа ие.

Келесі жылы наурыз айынан бастап зауыт ішкі және сыртқы нарықтарға арналған әртүрлі тоқыма емес материалдарды өнеркәсіптік деңгейде шығаруды жоспарлап отыр.