ФАО Қазақстанға шегірткеге мониторинг жүргізу және оған қарсы күресуге арналған жабдықтар тапсырды

ФАО Қазақстанға шегірткеге мониторинг жүргізу және оған қарсы күресуге арналған жабдықтар тапсырды

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) шегірткеге мониторинг жүргізу және оған қарсы күрес жүйесін күшейту мақсатында Фитосанитариялық диагностика және болжамдар жөніндегі республикалық әдістемелік орталыққа арнайы жабдықтарды тапсырды.

Ол TCP/KAZ/4006 «Шегіртке ошақтарын бақылау мен мониторингті күшейтуге арналған техникалық қолдау» жобасы аясында жүзеге асырылды.

Аталған жабдықтар шегіртке зиянкестері туралы деректерді жинау, өңдеу және көрнекі түрде ұсыну сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ноутбуктер оқыту жұмыстарына және далалық зерттеулерге пайдаланылса, сыртқы дерек тасымалдағыштар геоақпараттық деректерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз етеді. Ал ұшқышсыз ұшу аппараттарына (БПЛА) арналған қосымша аккумуляторлар стационарлық электр қуаты көздері жоқ шалғай аумақтарда мониторинг жүргізуге жол ашады.

Сонымен қатар, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) қаржыландыратын ФАО-ның Кавказ бен Орталық Азия елдерінде шегірткеге қарсы ұлттық және өңірлік күресті жетілдіруге бағытталған GCP/INT/384/JCA жобасы аясында Орталыққа тәуекел аймақтарындағы халықтың хабардарлығын арттыруға арналған ақпараттық материалдар да берілді. Бұл материалдарда пестицидтерді қауіпсіз қолдану жөніндегі ұсынымдар қамтылған.

ФАО-ның Қазақстандағы бағдарламалар үйлестірушісі Жаңыл Бозаеваның айтуынша, тапсырылған жабдықтар мен материалдар шегіртке ошақтарының алдын алу және мониторинг жүргізу саласындағы ұлттық қызметтердің әлеуетін нығайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ауыл шаруашылығының орнықты дамуы үшін маңызды рөл атқарады.

ФАО Қазақстанмен және өңірдің басқа да елдерімен шегіртке зиянкестеріне мониторинг жүргізу және оларға қарсы күрес жүйелерін одан әрі жетілдіру бағытында ынтымақтастықты жалғастыра береді.