Түркістан облысының АӨК жоғары даму қарқынын көрсетуде

Түркістан облысының АӨК жоғары даму қарқынын көрсетуде

Мемлекет басшысының елді негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында Түркістан облысының аграрлық секторы жедел қарқынмен дамып келеді.
Бүгінде АӨК облыстың жалпы өңірлік өнімінің 20%-ын құрап, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі драйвері болып отыр.

Осы маусымның қорытындысы бойынша 695 мың тонна астық, 54 мың тонна майлы дақылдар, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімдері, 5 млн тонна мал азығы және 428 мың тонна мақта жиналды.

Су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аударылуда. Тамшылатып суару алаңы 114 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Жаңа тәсілдер мақта өнімділігін екі есеге арттыруға мүмкіндік берді, ал күріш өсіруде тамшылатып суарудың пилоттық қолданылуы су тұтынуды 40%-ға қысқартып, гектарына 50 центнер өнім алуға жағдай жасады.

Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мақсатында жалпы қуаттылығы 73 мың гектарды қамтитын үш кәсіпорын іске қосылды, тағы үшеуі жақын уақытта пайдалануға беріледі.

Мақта саласының экспорттық тәуелділігін азайту және дайын өнім шығаруға көшу мақсатында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы іске асырылуда.
Жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын бес кәсіпорынның құрылысы жоспарланған. 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, мақта өнімділігі үш есеге артады.

«Turan» арнайы экономикалық аймағында құны 146,8 млрд теңге болатын «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-ның көпсалалы кешені салына бастады. Жаңа кешен мақтаны тазалаудан бастап мата және дайын тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі толық өңдеу циклін біріктіріп, ішкі және сыртқы нарыққа бағытталады.

Өңірдегі жылыжайлардың жалпы аумағы 1 715 гектарға жетіп, жыл ішінде 75 гектарға ұлғайды. Түркістан облысының үлесі — елдегі барлық жылыжайлардың 76%-ы. Жыл қорытындысы бойынша 150 мың тоннадан астам көкөніс өндірілді. 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай жиналды.

Түркістан облысы мал шаруашылығы бойынша да көш бастап тұр: республикадағы сиыр еті экспортының 80%-ын, қой еті экспортының 75%-ын қамтамасыз етеді. 10 айда 27,2 мың тонна сиыр еті және 20 мың тонна қой еті экспортталды. Құны 48,9 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың арқасында жыл сайын қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, экспорт көлемі екі есеге артады.

2025–2027 жылдарға арналған АӨК инвестициялық жобаларының Жол картасы бекітіліп, оның аясында жалпы құны 295,5 млрд теңгені құрайтын 78 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Биыл құны 116,3 млрд теңге болатын 31 жобаны іске асыру басталды, оның 27-сі пайдалануға берілді.

10 айдың қорытындысында АӨК-тің жалпы өнім көлемі 1,8 трлн теңгені құрады.