
Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Мал шаруашылығы саласының даму барысы және оны жетілдіру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин саланың өткен он ай ішіндегі жетістіктерін алға тарта отырып, мемелекеттік қолдаудың басым бағыттарына тоқталды.
«Ірі қара мал саны 1,7%-ға өсіп, 8,4 млн басқа жетті. Жылқы саны 6,7%-ға өсіп, 8,4 млн басты құрады, түйе саны 4,5%-ға (297,6 мың бас), ал құс саны 4,4%-ға өсіп, 48,3 млн басты құрады.
Ет өндірісі 2,8%-ға өсіп, 914 мың тоннаға жетті, ал сүт өндірісі 3,3 млн тоннаға дейін ұлғайып, өткен жылдың көрсеткішінен 5,2%-ға жоғары болды. Мал шаруашылығының жалпы өнімінің өсімі 3,4% деңгейінде қамтамасыз етіліп, оның көлемі 3 трлн теңгеге жетті. Өндірілетін өнім көлемі ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге және экспортты кеңейтуге мүмкіндік береді»,-деді спикер.
Өткен 10 айдың ішінде сиыр еті экспорты 1,6 есеге артып, 30,4 мың тоннаға жетті (тірі салмаққа шаққанда – 152 мың бас ІҚМ), ал қой еті экспорты 1,8 есеге өсіп, 25,1 мың тоннаны құрады (1,2 млн бас ҰМ).
Бұл салада Қазақстан зор әлеуетке ие, алдағы уақытта елдің экспорттық күшін одан әрі нығайтуға болады.
Салалық мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында алғаш рет бордақылау алаңдарына айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5% мөлшерлемемен 12 ай мерзімге жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға шамамен 50 млрд теңге бөлінді.
Бағдарламаға ірі қара мал мен ұсақ мал бордақылауға маманданған және қажетті инфрақұрылымы бар кәсіпорындар қатыса алады.
«Мемлекет басшысының толық циклді өндірісті құру бойынша тапсырмасын орындау аясында 2024 жылдан бастап мал шаруашылығында австралиялық тәжірибені енгізуге бағытталған бес жоба жүзеге асырылуда. Оларға жайылым жерлерін айналмалы пайдалану, малды жеммен қамтамасыз ету, финалдық бордақылау кезінде арнайы аралас жемдерді қолдану және аралас жем мен өңдеу кәсіпорындарын дамыту кіреді. Бұл шаралар өндіріс шығынын төмендетуге және 50 мың тоннаға дейін ет экспорттауға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіптік құс фабрикаларын салу жұмыстары жалғасуда. Соңғы жылдары жалпы қуаты 70 мың тонна құс етін өндіретін алты фабрика іске қосылды, бұл өздігінен қамтамасыз ету деңгейін 58%-дан 79%-ға дейін көтерді»,-деп атап өтті вице-министр.
Айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несие өндіріс көлемін 360 мың тонннан 505 мың тоннға дейін арттыруға жол ашады.
2026–2028 жылдары жалпы қуаты 241 мың тонна болатын 8 жоба іске асырылмақ, оның ішінде 4 құс фабрикасы 2026 жылы пайдалануға беріледі. Бұл 2026 жылы өздігінен қамтамасыз ету деңгейін 90%-ға дейін көтеруге және 2027 жылы елді толықтай құс етімен қамтамасыз ете алады.
Сүт саласында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату бағдарламасы аясында жалпы қуаты 352 мың тонна болатын 63 сүт өнімді ферма салынды. Жыл соңына дейін тағы екі сүт фермасы ашылады. Тағы 43 жоба құрылыс сатысында болып, 2026–2027 жылдары аяқталмақ.
Бұлардың барлығы сүт өндірісін 600 мың тоннаға дейін арттырып, ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алады.
Президенттің тапсырмасы бойынша ғылым, салалық қауымдастықтар, ҰКП, бизнес, жергілікті атқарушы органдар және Парламент депутаттарының қатысуымен мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленуде.
Құжат аясында барлық мал шаруашылығы бағыттарында айналым қаражатын толықтыру үшін 5% жеңілдетілген несие, асыл тұқымды мал алу үшін 6% жеңілдетілген несие (240 млрд теңге), сондай-ақ Қостанай облысы мен Ұлытауда көшпелі жайылым мал шаруашылығын дамытуға арналған 6% несие өнімін іске қосу шаралары көзделген.
Аманғали Бердалиннің айтуынша, өңдеуді дамытуға, жүн мен теріні қабылдайтын сервис-дайындау орталықтарының тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауға, соның ішінде айналым қаражатына жеңілдетілген несиелеу тетігін іске қосуға, сондай-ақ саланы білікті кадрлармен қамтамасыз етуге баса назар аударылады.
Спикердің айтуынша, жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар саланың тұрақты дамуына, өнімділікті арттыруға және еліміздің ауылдық өңірлеріндегі жұмыспен қамтуды нығайтуға арналған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін барлық бағыт бойынша қолдау жөніндегі жүйелі жұмысты одан әрі жалғастырады.